Аймауытов негізін салған Мәдени кіндік ауылы жайлы не білесіз

тарихи орын
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауылдың Әулиелі Қызылтау өңірінде ашылған «Мәдени кіндік» ауылы жайында естуіңіз бар ма? Ғасыр бұрын тыңнан тұрғызылған тарихи елді мекен – ғылыми тұр­ғыдан мүлде зерделенбеген орынның бірі. Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың идеясымен дүниеге келіп, жүздеген қазақ баласының сауат ашуына негіз болған рухани мекен бүгінде елеусіз жатыр...

Жүсіпбек Аймауытұлы 1921 жылы Се­мей губерниясында оқу бөлімінің мең­­герушісі болып тұрғанда Баянауыл же­­ріндегі жас өрендердің білім алуына айрықша назар аударған. Бұған дейін қазақ даласында жұт болып, малынан айырылған халық аштыққа ұшыраған кезең еді. Ел-жұрт босып, жетім қалған балалар көбейіп, оларды жергілікті бас көтерер азаматтар Жүсіпбектің айтуы­мен Қызылтау өңіріне жинайды. Жер­гілікті байлардың демеушілігімен ас-суы, жатар орны ұйымдастырылып, жүз­деген қазақ баласының аман қалуына себепші болыпты. Осы кезеңде Жүсекең және онымен пікірлес ел азаматтары Қызылтау маңында «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын салуға бел буады. Көнекөз қариялардан қалған, ауыл арасында айтылып жүрген әңгімелер­ге сенсек, 1921 жылы Алаш ардақ­ты­сы жер­гілікті төрт рудың ірі байла­ры­ның қар­жыландыруымен әлгі жерге әуелі бас­тауыш мектеп салуға ұйытқы бола­ды. Соңынан ағылып келіп жатқан бала­ның көптігін ескеріп, «Мәдени кін­­дікте» шаруашылық ғимараттары, жатақха­­налар бой көтереді. Атап айт­қан­да, қыздар мен ер балалардың бө­лек жатақханалары, асхана, бірнеше қой­ма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігер­лік пункт, әкімшілік ғимарат және ат­қора салынады. Біраз уақыт өткен соң бұл арада саман кірпіштен салын­ған кәдімгідей ауыл пайда болып, ауыл­дың батыс бөлігінде мал ұстайтын қора­лар тұрғызылған. Мұндағы мақсат – бай­лар жиып берген малды осында бағып-қағып, интернатта жатып оқи­тын балалардың ішер асын тұрақты ұйым­дастыру.

жүсіпбек
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Көмек көрсеткен байлардың арасында сол заманның ірі меценаттары ретінде Текебай мен Түйебайдың есім­дері айрықша аталады. Текебайда бала болмай, Жүсіпбектің ақылымен ол же­тім балалардың бірнешеуін өз тегіне жа­­зып алған екен. Содан жылдар өте Те­ке­­баев­тар әулеті көбейіп шыға келген. Олар­дан қалған жұрағат бүгінде аз емес. Ал Текебай мен Түйебайдың дүние-мүлкі кейін кеңес өкіметімен кәмпескеленіп, өздері Ресейдің Қарасуық өңіріне жер аударылып, сол жақта өмірден өткен.

мәдени
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Ел арасында бұл жер «Мәдени кіндік» деп аталған. Біздің жастық шағымызда «Мәдени» деп қана атайтындықтан, ескі қоралардың бірі екен деп ойлап жүрдік. Жер атауы кісі есімімен байланысты болар деп жорамалдап келгеніміз де рас. 1999 жылдың жаз айында Баянауыл­­дан шыққан жеті генералдың бірі, со­ғыс ардагері Самат Бәкіров Қы­зылтау­ға арнайы келді. Жол көрсетіп, жа­нын­да жүрдім. Қозған елінің атақты бо­лысы Ағаш аяқ Мұстафаның зиратында болып, дұға еттік. Бұл аумақта Қозған руынан шыққан белгілі тұлғалар Бармақбай, Кәркей, Нұржанбай, Мәуке, Лекер және Мысықбай қажылар жатыр. Бір сәт генерал маған «Мәдени кіндікті» көрсет деді. Жолай ол жердің қандай ма­­ңызы бар екенін білмейтінімізді айтып, әңгімелеп беруін сұрадым. Сөйтсек, Самат Бәкірұлы жастайынан жетім қа­лып, осында жан-жақтан жиналған қа­зақ ба­лаларының арасында өсіп-өнген. Сонда Самат ағаның толғана сөй­легені есім­де қалыпты. Қаншама жас бала­ның Жүсіпбектің қамқорлығының арқа­сын­да тірі қалғанын жеткізді. Самат ағаның өзі 1925 жылы туған. Жүсіпбек құрған мек­тепте білім алып үлгермесе де, әлгі ауыл­да жетілген. Сол жерде ма­ған бар­лық ғимараттың орындарын нұс­қап, көр­се­тіп берген еді. Міне, содан бері «Мә­дени кіндіктің» тарихи маңызын түсіне бас­т­адық», - дейді баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев.

Жүсіпбектану­шы ғалым Нұржан Қуантайұлына хабарла­сып, «Мәдени кіндікке» қатысты өзі біле­тін деректерімен бөлісуді сұраған едік. Алаштанушы ол жөнінде ешбір архивтік құ­жаттар жоқ екенін, тек сол замандағы кей­бір жайттарды ескерсек, Жүсіпбектің аталған білім ошағын құруға атсалысуы әбден мүмкін екенін жеткізді.

«1921 жылы Жүсіпбек Қызылтау өңі­рінің бір топ жас өренін, ішінде Абзал Қарасартов бар, Орынборға алып барып, рафбакқа оқуға түсіреді. Алаш ар­­дақ­­тысының өз туған жеріне деген қам­­­қор­лығы ерен болған. Сондықтан «Мә­­дени кіндік» сияқты ауыл мектебін ашу­­­ға ұйытқы болуы әбден ықтимал. Әрі бұл кезеңде жер-жерде мектеп­тер ашу мәселесі күн тәртібінде тұрған еді. Тұл­ға­ның өзі жазған өмірбаянында, тергеу ісін­дегі құжаттарда «Мәдени кін­дік» туралы ешбір дерек кездеспейді. Заманында Жүсіпбектің жан-жақты болғанын, туған жеріндегі белгілі тұл­ға­лармен, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп­пен үнемі байланысып тұрғанын ескерген жөн. Ауыл ба­лаларының жергілікті жерде білім алуына жағдай тудыру үшін салынған әлгі мектеп Жүсіпбектің қол­таңбасы болуы әбден мүмкін», - дейді Нұржан Қуантайұлы.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Қызылтау елі үшін рухани ошаққа айнал­ған бұл жер қазіргі Жүсіпбек Аймауыт­ұлы мен Лекер ауылдарының орта­сында, жа­нынан сарқырап өзен аға­тын жазық жер­де орын тепкен. Таяу жер­де кезінде ағыл­шындар қазған көмір, алтын, күміс, мо­либден кеніштері бар. Ке­ніш­ті бойлай қонған қазақ ауылы көп болған. Әуелгі мақсат – соларға жа­қын жер іздеу. Аумақ Қарамолла мен Қызыл­тау болыс­тарының балалары үшін келіп оқуға тиім­ді еді. Бұл – «Мәдени кін­дік­тің» болғанын растайтын екінші дәлел.

мәдени
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Үшіншіден, географиялық картада бұл жер кеңес өкіметі тұсынан «Мадани» («Мәдени») деп көрсетіліп келеді. Жер-су атауының не себепті бұлай аталуы­на қатысты ешбір жерден нақты дерек кездестіре алмадық. Ғаламтордағы жер­се­ріктік карта арқылы қарағанымызда ауыл­дағы ғимараттардың реттілікпен, екі көше етіп салынғаны байқалады. Ол заманда тұрғызылған білім ошақтары­ның көбі «П» әрпі пішініне сай келеді. Рамазан Дінісұлының көрсетуімен жер жағдайын шолып шыққанымызда, мұн­дағы мектеп пен жатақханалардың «П» әрпіне ұқ­сас екені көзге түсті. Мек­теп орны деп көр­сетілген ғимараттың іргетасының ұзын­дығы – 46 қадам, ені 32 қадам болып шық­ты. Ғимарат он алты бөл­меден тұрған. Қа­бырғалары кезінде саман кірпіштен өріліп, төбесі бөренемен жабылыпты.

мәдени
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Жүсіпбек бір жылы Орынборда­ғы Қазақ ағарту институтын тәмамдаған ­қа­зақтың ұл-қыздарының бір тобын «Мә­дени кіндікке» алып келіп, оқытушы ет­кен екен. Бұл деректі ауылдағы қария­лар­дан естідім. Мектептің жұмысы негізі 1922 жылы басталған. Ол уақытта қос бо­лыстықта қанша бала болғаны туралы қолымызда нақты мәлімет жоқ. Де­ген­мен қазақ отбасыларының көбі өз ба­ла­ларын осында оқуға бергенге ұқ­сайды. Мектеп пен жатақханалар соғыс басталғанша үзбей жұмыс істеп келген. Кейін оны жауып, таратып жібереді. Дүние-мүлкі таланып, ғимараттар қиратылып, кірпіші аудан орталығына тасылып, онда шаруашы­лық нысандарын тұрғызуға пайдаланылады. 1954 жылы тың игеру басталғанда бірнеше ғимарат қалпына келтіріліп, асхана ретінде ұсталған. Архивтік құжат­тарда бұл жер «Культпункт» деп ата­лады», - дейді Рамазан Нұрғалиев.

Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі өлкетанушылардың айтуы бойынша тарихи мекеннің сұлбасын жасап шықты.

тарихи
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Мәдени кіндік» – бүгін­­де не туризм және спорт министр­лігі, не облыс басшылығы тарапынан еленбей отырған тарихи жер. Рамазан Дінісұлы бұл жерді қоршап, басына бел­гітас орнатып қоюды ұсынады.

тарихи
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар