Полицейлер бірқатар қоғамдық орында темекі өнімдерін, электрондық темекіні тұтынуға, пайдалануға заңмен тыйым салынғанын ескертеді. Мұндай орындарға білім беру ұйымдары, олардың іргелес аумақтары, медицина мекемелері, мемлекеттік ұйымдар, қоғамдық тамақтану орындары, спорттық-мәдени нысандар, түнгі клубтар, көппәтерлі үйлердің кіреберістері жатады. Қоғамдық көлікте, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалар отырған жеке көлікте темекі шегуге болмайды. Бұдан бөлек, вокзал ғимараттары мен жабық аялдамаларда, өрт тұтану қаупіне байланысты жанармай құю станцияларының аумағында бұл өнімді тұтынуға рұқсат жоқ.
Темекі шегуге тыйым салынған орындардың толық тізімімен ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 110-бабында танысуға болады.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары подъездерде, жанармай құю станциялары маңында және стадиондарда темекі шегіп, ережелерді жиі бұзады. Полиция қызметкерлері мұндай фактілерді күнделікті жұмыс барысында, бейнебақылау камералары арқылы, кейде тұрғындардың хабарлауы бойынша анықтайды. Айта ету керек, көбінесе темекі шегушілер қоқыс шәшіктерін елемей, мәдени деңгейдің төмендігін көрсетеді.
Жыл басынан ҚР Әкімшілк құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 956 адам жаупқа тартылды. Олардың басым бөлігі көшелерге темекі тұқылын лақтырып кеткен. Сондықтан да, тұрғындардан заңнаманың талаптарын сақтауды және айналасындағыларға қарапайым құрмет көрсетуді сұраймыз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ақмағамбетов.