Тунис Қазақстанда зәйтүн алқабын өсіруге инвестиция салмақ

Тунис Қазақстанда зәйтүн алқабын өсіруге инвестиция салмақ. Бұл туралы Тунис Ауыл шаруашылығы министрі Абдель Монем Белати айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: https://inbusiness.kz/

«Бұл алғашқы сапарымыз Қазақстан мен Тунис арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін береді. Біз Қазақстанмен ауыл шаруашылығы саласында бірлесе жұмыс істеуге мүдделіміз. Оңтүстік Африкада орналасқан Тунис мемлекетінің жер көлемі 104 шаршы шақырымды алып жатыр, 12 млн тұрғыны бар. Географиялық орналасуына байланысты өңірлік және әлемдік деңгейде маңызды рөлге ие. Зәйтүн майын, құрма жемістерін өсіреміз. Осы өнімдерді сіздерге де экспорттай аламыз», - деді шетелдік мәртебелі мейман Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Тунис министрі Қазақстанның да ауыл шаруашылығының әлеуеті өте зор екендігін баса айтты

«Сондықтан Қазақстанмен дәл осы салада жаңа келісімшарттар жасасуға ниеттіміз. Мұнан бөлек, Қазақстанда зәйтүн өсіруге инвестиция салуға дайынбыз. Өйткені, зәйтүн егу өте көп зерттеуді қажет етеді. Ал Тунисте бұл салада көптеген ғылыми зерттеу орталықтары бар. Сондықтан Қазақстан мен Тунис ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттеу бағытында бірлесе жұмыс істей алар еді», - деді Абдель Монем Белати.