Авторлық құқықты бұзу бабымен 3 қылмыстық іс қозғалды
Елімізде авторлық құқықпен байланысты сотта қаралған істердің саны азайып, өндірілген соманың көлемі артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры Шолпан Әбдіреева редакцияның сауалына берген жауабында айтты.
«Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы ақпарат бойынша, 2022 жылы сотқа авторлық және сабақтас құқықтар мәселесімен байланысты 309 арыз түсті. (2020 ж. – 323, 2021 ж. - 355).
Оның ішінде 225 арыз бойынша іс қозғалып, (2020 ж. – 261, 2021 ж. - 266), 115 іс бойынша шешім шығарылған (2020 ж. – 185, 2021 ж. - 142)», - деп жазылған жауапта.
Министрліктің мәліметі бойынша, сотта қаралған істердің саны қысқарғанымен, өндіріп алуға жатқызылған сомалардың көлемі артқан.
«Соттар аталған істер бойынша жалпы сомасы 125 млн 774 мың 69 тг теңге өндіріп алып туралы шешім шығарған (2020 ж. – 89 652 240 тг,
2021 ж. – 33 789 160 тг)», - делінген жауапта.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу фактісі бойынша 3 қылмыстық іс (Қылмыстық кодексінің 198-бабы) тіркелген.