БҰҰ бекіткен халықаралық заңнама талаптарының сақталмауынан қауіп туындап отыр – Тоқаев

Бүгінде адамзат кезекті жаңа геосаяси қарама-қайшылық кезеңіне аяқ басты. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: БҰҰ

«Бүгінде адамзат кезекті жаңа геосаяси қарама-қайшылық кезеңіне аяқ басты. Қауіптер Біріккен Ұлттан Ұйымы бекіткен халықаралық заңнама талаптарының сақталмауынан туындап отыр. Халықаралық шарт саналатын құжаттарға қосылу, уақытша тоқтата тұру немесе одан шығу тәжірибесі ерекше алаңдатады. Өз кезегінде бұл экономикалық ілгерілеуді қамтамасыз етеуге тиіс сауда жүйесінің, тауар тасымалы бағыттарының бұзылуына әкеп соғады. Сәйкесінше азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және қарқынды инфляцияға итермелейді. Мәселен, қазір әлем халықтарының 1 миллиардтан астамы кедейлік күн кешсе, 2 миллиарды қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай отыр. Бұл түптеп келгенде адамзаттың келешекке деген сенімін жоғалтады», - деді Президент сессияның жалпы дебатында сөз сөйлей отырып.

Бұрын хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.