Мақсат Толықбай саяжайларға «ауыл» мәртебесін беруді сұрады

Фото: Александр Павский/ "ҚазАқпарат" ХАА

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай саяжайларға «ауыл» мәртебесін беруді сұрап, Үкімет басшысының атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Jibek Joly телеарнасына сілтеме жасап.

Қазір қала іргелеріндегі саяжайлардың жағдайы адам шошырлық. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық игіліктер атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр.

Осы орайда депутат саяжайларға «ауыл» мәртебесін беруді сұрап отыр. 

«Алайда, саяжайлардың территориясын қасындағы ауылдық округтерге қосып немесе «ауыл» статусын бере салғанмен проблема шешіле қалмайды. Бір ғана облыс әкімдігінің шамасы жетпейді. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан, Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеуі керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ Қазақстанның әр өңіріндегі түйнек. Өз тарапымыздан аталған мәселені бақылауға алып, қоғамдық талқылау жасайтын боламыз», - деді депутат М.Толықбай.