2018 жылы Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, сонымен қатар «Алматы Қала Жарық» ведомстволық бағынысты ұйымы жеке әріптес – консорциуммен «Алматы қаласының сыртқы жарықтандыруды жаңғырту» жобасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шартын жасасқан. Консорциум құрамында «ABM-Vuilding 2007», «Электроремонт» ЖШС және «ABM-Project» ЖШС сынды үш компания бар.
«Келісімшартқа сәйкес, жаңғырту жұмыстарына байланысты 2020 жылдан бастап ағымдағы жөндеу жұмысының көлемі 2,5 еседен астам көбейді. Шарт бойынша жеке әріптес 2019-2023 жылдар аралығында 8,1 млрд теңге инвестициялауға тиіс болды, ал іс жүзінде олардың тек бір бөлігін ғана салды. Жоспарланған инвестициялардың орындалмауы қаланың сыртқы жарықтандыру желісін жаңғырту бағдарламасының орындалмағанын көрсетеді»,- деп хабарлады «Алматы Қала Жарық» компаниясынан.
Операциялық шығындардың өтемақысы жыл сайын жеке серіктестің өтініші бойынша өсті: 2019-2023 жылдар аралығында ағымдағы жөндеуге арналған шығыстар 12,08 млрд теңгеден 28,5 млрд теңгеге дейін жетті.
«Бұл жекеменшік әріптес жұмыс істеген кезде қаланың сыртқы жарықтандыру желісінің жай-күйінің айтарлықтай нашарлағанын дәлелдейді. Бұл кезеңде ағымдағы жөндеуге арналған сома 16,5 млрд теңгеге артты, яғни бастапқы құнынан 2,3 есе көп»,- деп атап өтті компаниядан.
Жекеше әріптес ынтымақтастықтың барлық кезеңінде МЖӘ нысандарын жобалау, жаңғырту және пайдалануға беру жөніндегі жұмыстарды орындау мерзімдерін бірнеше рет бұзған. Ал кейбір жұмыс ақаумен тапсырылды әрі олардың консорциумы оны дер кезінде жоймады.
«Энергетика басқармасы және «Алматы Қала Жарық» компаниясы 2022 жылдың басынан бастап шарт бойынша жұмыстарды орындау сапасы мен мерзімі бойынша жазбаша түрде бірнеше рет ескерту жолдаған. Бірақ қазіргі уақытта бұл талаптар орындалмады, көптеген бұзушылық жойылған жоқ. Бұл қалада сыртқы жарықтандыру мәселесін тудырды», - деді «Алматы Қала Жарық» басшысы Игорь Мысик.
Спикердің сөзінше, жауапсыз жекеше әріптеспен шартты бұзу үшін сотқа талап қою туралы шешім қабылданды. Алматыдағы көше жарығына қатысты жағдайды жақсарту мен қала көшелерінің жарықсыз қалмауы үшін жарықтандыру желілері аудан әкімдіктерінің иелегіне өтеді.