Солтүстік Қазақстан облысы «королін» іздеп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысында күздің негізгі оқиғасы – өңір әкімінің тағайындалуы болмақ. Петропавл мәслихатының депутаты, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, заңгер Павел Афанасьев әкім қызметіне өңір ерекшелігін жақсы білетін, жергілікті шаруа адамы болуы керек деп есептейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: коллаж МИА Казинформ

Павел Афанасьевтің сөзінше, облыс тумасы болу міндетті емес. Бастысы, осы өңірде ұзақ жыл жұмыс істеп, осында мемлекеттік қызмет атқарған азамат болғаны абзал.

Ол жергілікті ахуалды, экономикасын, бюджеті мен қаржысын жақсы білуі тиіс. Тұрғындардың сұранысын сырттан келгендерден гөрі жергілікті кадр жақсы біледі. Жергілікті тұрғын өңір ерекшелігін біледі. Бұл халық шаруашылығы саласындағы кәсіби маман немесе экономист, қаржыгер, өнеркәсіппен айналысатын адам болғаны дұрыс. Тұрғындар сенетін, халық қалаулылары танитын, сенім артатын адам болуы керек. Әдемі сөйлейтін дипломат бізге сай келмейді. Өңірге жұмысқа қабілетті, жауапты және сыйысып кететін адам қажет. Жаңа басшы келіп, бәрін өзіне ыңғайлы етіп өзгерткісі келсе – жұмыс жүрмейді. Меніңше, облыс әкімдігінде команда жасақталған, жаңа әкім оларды өзіне емес, өзін соларға сай етуі керек, деп есептейді Павел Афанасьев.

Жаңа өңір басшысына мәселесі көп шаруа бұйырайын деп тұр. Себебі өңірде істейтін жұмыс, нәтиже шығаруды қажет ететін түйіткіл жетерлік.

Аяқталмаған құрылыс нысандары көп. Кейінгі екі жылда инвестор саны азайды, ірі жобалар жоқ. Көпбейінді аурухана салынып бітпей жатыр. Петропавл әуежайының дәрежесі анықталған жоқ: халықаралық па, жоқ па? Айтылып жатқан көлік хабы дамымай жатыр. Өңір шекараға жақын болғанымен, логистика нашар дамыған. Өндіріс әлеуетін арттыру керек. Бір кездері біздің аймақ әскери-өндірістік кешенмен, өндіріспен танымал болған. Қазір бұл сала бір жақта қалды. Облыс дотациялық. Менің есептеуім бойынша, бюджет 73% республикадан дотация алады, тек 27% жергілікті кіріс. Салық салынатын базаны дамыту қажет. Ірі блок – әлеуметтік сала. Өңірде болашағы күмәнді ауылдарда орналасқан шағын жинақты мектеп көп. Бізге мектепті де, ауылды да сақтап қалу маңызды. Қазақ тілінде білім беретін мектептер жетіспейді, көп ғимарат жөндеуді қажет етеді. Жалпы айтқанда, қай саланы алып қарасақ та мәселе жетерлік. Жаңа әкімге жұмыс көп. Бастысы бей-жай қарамайтын адам болса екен, - деп толықтырды Павел Афанасьев.

Саясаттанушы, PhD, ID-зерттеу орталығының директоры Дина Айкенованың айтуынша, бұл қызметке үміткердің ауыл шаруашылығында тәжірибесі, сондай-ақ дипломат және коммуникатор қабілеті болғаны дұрыс.

Солтүстік Қазақстан облысы басшысыз отырғанына екі аптадан асты. Кейінгі жылы облыста көптеген кадрлық өзгеріс болып, тәжірибелі басшылар кетті: былтыр желтоқсанда бұрынғы өңір әкімі Құмар Ақсақалов көрші Қостанай облысына ауысып, қала әкімі қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар облыста халық саны көп әрі этникалық құрам күрделі болғандықтан, сондай-ақ шекаралық стратегиялық ахуал мен климат жағдайын ескерсек, жаңа кадрларды халықтың қабылдауы ұзаққа созылады. Тағайындаудың қиындап жатқаны да осыған байланысты болуы мүмкін. Бұл қызметке келетін үміткер ауыл шаруашылығында тәжірибесі бар басқарушы болуы керек, дипломат және коммуникатор қабілеттері болғаны абзал. Ол ресейлік саясаткерлердің арандатуына дайын болып, облыс аумағынан Ресей темір жолы өтетінін ескеруі тиіс. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан астығын тұтынатын Қытай нарығымен, М.Жұмабаев атындағы СҚУ-да толықтай бір бағыт пен педагогтер құрамы қысқарып, студенттерді қабылдауда үмітті ақтамаған Аризона университетіне байланысты америкалықтармен жұмыс істеуі керек.

Соңғысы – ішкі саясат саласында тәжірибенің болуы. Бұл – облыстың түрлі ұлт өкілдерімен жұмыс істеуде мемлекет идеологиясын үйлесімді алға жылжыту үшін қажет.

Сонымен қатар тағайындаудың ұзаққа созылуы облыс шекарасы немесе оның атауының институционалдық өзгерістерімен байланысты болуы ықтимал. Ақпарат алаңында Петропавл қаласының немесе облыстың атауын Қызылжар деп өзгерту туралы даулы пікір жарияланып жатады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы СҚО тұрғындарының саны 40% азайды, ал халықтың орташа жасы бойынша ең кәрі облысқа жатады, - деп түйіндеді спикер.

Бұған дейін облыс әкімі болған Айдарбек Сапаров 4 қыркүйектен бастап Ауыл шаруашылығы министрлігін басқаратынын айта кетейік.