Лилия Рах пен Jusan банк дауы: тәркіленген бренд бұйымдар қайда кетті

Танымал қазақстандық кәсіпкер, сән сарапшысы және стилист Лилия Рахтың Jusan банкпен сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін елордада стилистің қорғаушысы Виктория Меленцова брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: kaz.inform.kz

Кәсіпкер заңгері не дейді

2017 жылы банк 4,7 млрд теңгеге жететін барлық қарызды мерзімінен бұрын өтеуді талап еткен.

«Сот шешімі шыққанша бірде-бір төлем кешіктірілмеген, ай сайын 145 мың АҚШ доллары төленіп отырған. Жалпы есепте 5,7 млн доллар несие өтелген еді. 2017 жылы банк 4 млрд 778 млн теңгені мерзімінен бұрын төлеуді талап етті. Бұл өте үлкен сома, бірден қайтару мүмкін емес. Оған қоса, банк одан 3 млрд 738 млн 635 мың теңгеге кепіл затын өндіріп алған, бұл Алматының орталығындағы 5,5 мың шаршы метр ғимарат. Қалған берешек 1 млрд 40 млн теңге екеніне келісім бердік. Берешек есебіне 1 млрд 200 млн теңгеге жылжымалы мүлік (тауарлар) Л. Рахтың өз еркімен берілді, оны банк 759 415 056 теңгеге бағалады. Мұның бәрі танымал дизайнерлердің бағалы заттары еді, ондағы бір костюмның құны 2 млн теңгеге жететін», - деді заңгер Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Осының бәрін ескере келе, заңгер қалған берешек 500 млн теңгеден аспауы керектігін айтуда.

В. Меленцованың сөзінше, банк қызметкерлері де, тіпті Jusan Bank акционерлері де Лилия Рахтың несие үшін қанша қарызы барын білмейді.

«Одан кейін түсініксіз жайттар басталды. Ол кезде заң банктерге аукциондарға қатысуға рұқсат беретін. 2018 жылы банк қарыздың қалдығын есептен шығармай, Лилия Рах мүлкін 50% жеңілдікпен өзінің үлестес компанияларына сенімгерлік басқаруға берді. 2,5 жыл бойы біз банктің мүлікті балансқа қабылдауын күттік. Қазір де банк несие құжаттамасын беруден бас тартты және қанша қарыз қалғаны, есептен шығарылған сома туралы нақты ақпараты жоқ. Мұны сот процесі емес, заңдастырылған рейд деп атауға болады. Ешкім қарыздың нақты мөлшерін айпайды, іскер әйелден ақша «сауудың» амалы», - дейді Виктория Меленцова.

Заңгер тәркіленген мүліктің қайда жіберілгені туралы еш ақпараттың болмауы – қылмыстық құқықбұзушылық екенін және бұл сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру және ұрлау ретінде қарастырылатынын баса айтты. Осыған байланысты Бас прокуратураға әсіресе, алынған брендтік тауарлар бойынша толық аудит жүргізу үшін хат дайындалып жатыр.

«Қарыз бойынша Лилия Рахты ақтау мақсатым жоқ. Заттарды алыңыздар, егер 30-50 миллион теңге қарыз қалса, біз оны төлейміз. Ол қазір ресми түрде байер, қандай да бір брендтерді жарнамалауы мүмкін, бірақ ол жұмыс істемейді. Банкирлер оның Instagram-парақшасынан көрген дүниелерді Лилияның меншігі деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Қымбат жалдау ақысын да өзі төлемейді. Осы күнге дейін алатын дүниенің бәрі алынды», - деді Виктория Меленцова.

Jusan Bank мәліметі

Өз кезегінде «First Heartland Jusan Bank» АҚ бүгінгі баспасөз мәслихаты туралы мәлімдеме жасады.

«Jusan Bank-тің Л. Рах ханымға қатысты талап-арыз бойынша жүргізген барлық жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар оның 2016 жылдан бастап банк алдындағы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындамауының салдары және ол тиісті соттардың шешімдерімен расталған. Банк ең алдымен, өз клиенттері мен салымшыларының мүддесін ескере келе әрекет етеді», - деп жазылған банк жауабында.

Сондай-ақ банк Л. Рахтың мерзімі өткен берешекті өтеу шарттарына қатысты сындарлы талқылау жүргізуге дайын екенін жеткізді.

«Басқа да банк пен қарыз алушы арасындағы қарым-қатынастың егжей-тегжейлі деректері – банк құпиясы туралы заңнамамен қорғалатын ақпарат», - дейді Jusan Bank.