ҚҚС-ның 4 пайызға артуы әр тұрғынның қалтасына 100 мың теңге салмақ салады

Қосылған құн салығының 4 пайызға артуы жыл сайын әр тұрғынның қалтасына 100 мың теңгеге салмақ салады. Мұндай пікірді сарапшы Максим Барышев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: https://www.gov.kz/

«Біз зерттеу жүргіздік. Зерттеу мәні – қосылған құн салығы мөлшерлемесі көтерілуінің Қазақстанның әр азаматына қандай теріс салдарының болатындығын түсіну. Бұл зерттеудің базасы ретінде Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің «қосылған құн салығы мөлшерлемесін 12-ден 16 пайызға көтеру ел бюджетіне қосымша 2 трлн теңге түсім әкеледі» деген сөзін алдық. Зерттеу математикалық болды. Түсіндіре кетейін. Қосылған құн салығы есебінен бюджет 2 трлн теңгеге ұлғаяды. ҚҚС – бұл жанама салық. Оны соңғы тұтынушы тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді сатып алу барысында төлейді. Қазақстанда 20 млн тұрғын бар делік. Соған орай Қазақстанның әрбір тұрғынынан орташа есеппен алғанда ел бюджеті 100 мың теңге алынады», - деді Максим Барышев «Атамекен» ҰКП алаңында өткен кездесуде.

Оның атап өтуінше, әлемде ҚҚС мөлшерлемесі төмен, тіпті мүлдем жоқ елдер де бар. Мәселен, экономикалық тұрғыда ең дамыған АҚШ пен Жапонияда ҚҚС жоқ. Ал Канада мен Біріккен Араб Әмірліктерде ҚҚС мөлшерлемесі 5 пайызды, Қытайда 13 пайызды, Қырғызстан мен Өзбекстанда 12 пайызды құрайды.

«ҚҚС мөлшерлемесі үлкен емес ең дамыған және дамушы елдерді де атауға болады. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің қажеті жоқ. Қазақстан 12 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесімен де жақсы дамыды. Бұл мөлшерлеме еліміздегі бизнесмендерге де қолайлы еді», - деді ол.