Аталған шараны Назарбаев университетінің ректоры, доктор Илесанми Адесида ашып, Kazakhstan Futures бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.
«Біздің университет көптеген бағыт бойынша, соның ішінде ел болашағын қалыптастыратын Қазақстан үшін көшбасшылар құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Менің ойымша, бұл жерде сарапшылар толықтырып өтетін белгілі бір алшақтықтар бар. Бұл халықаралық тұрғыдан Орталық Азия елдері мен Қазақстанға қатысты зерттеулер. Орталық Азия елдері әлемдік талқылауларда алдыңғы қатарда болуы үшін бізге нәтиже керек. Бұл біздің миссия», - дейді университет ректоры.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жыл басынан бері қазақстандық және америкалық зерттеуші сарапшылар декарбонизацияның моноқалаларға әсері, Орталық Азияда аймақшылдықтың дамуы, Қазақстандағы өзгерістер сәйкестігін түсіну үшін санақтың маңыздылығы, жасыл энергетика бойынша халықаралық ынтымақтастық және Қазақстандағы теңсіздік мәселелерін зерттеген.
«Биыл ақпанда Вашингтонда орналасқан Oxus Society қоғамы Орталық Азия елдері мәселелерін зерттейтін сарапшылардың басын қосып «Kazakhstan Future» бағдарламасын шығарды. Мақсат- АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жақсарту. Екі елдің сарапшылары белгілі бір мәселе бойынша зерттеулер жүргізіп, соның қорытындысы бойынша ұсынымдар жасалады. Осылайша саясаттың өзгеруіне үлес қосу. Менің тақырыбым халықаралық қатынастар, оның ішінде Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығы мәселесі. Біздің зерттеу тобында 3 адам бар, оның ішінде 2 қазақстандық және 1 американдық зерттеуші. Бүгінгі іс-шарада 8 ай бойы жасалған жұмыстың қорытындысымен таныстырып жатырмыз», - деді Назарбаев университеті жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент профессоры, зерттеуші Жәнібек Арынов.
Оның айтуынша, зерттеулердің қорытындысы Oxus Society қоғамының сайтына жарияланады және бұл бағыттағы жұмыс жалғасын таппақ.