«Қазір біз ішкі көші-қонның бейберекет үдерісін көріп отырмыз. Салдарынан ірі мегаполистер мен қалаларға қаптап келіп жатқан жаңа тұрғындары реттей алмай жатырмыз. Бұған жақында Астана қаласында болған су тапшылығы дәлел. 30 жылдың ішінде қазақстандықтар көбіне еліміздің солтүстік және солтүстік-шығыс шекаралас өңірлерінен үдере көшкен. Әсіресе Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан. Аталған 6 өңір халықтың 40-15%-ын жоғалтып отыр. Сонымен қатар еліміздің 8 өңірінде ауыл халқы айтарлықтай азайып бара жатқаны байқалып отыр», - деді ол
Депутат өткен ғасырдың 60-жылдарында елдегі урбанизация индустрияландырумен байланысты болса, қазір ешқандай экономикалық негізсіз жүріп жатыр деген ой айтты.
«Алматы қаласы тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан ірі «инвестициялық жобаға» айналды. Ондағы көтерме сауда базарларының айналасында маргиналды топтардың қатары көбейіп жатыр. Алматы халқының табысы 2015 жылдан бастап небәрі 2% пайызға ғана өскен. Алматылық ересектердің төрттен бір бөлігінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жоқ. Әр 10 қылмыстың 9-ын жұмыссыздар жасайды. Еліміздегі әрбір бесінші жұмыссыз жас азамат Алматыда тұрады. Сол сияқты Астанаға да көшіп келген, көптеген азамат өмір сүруге лайықталмаған саяжай алқаптарында тұруға мәжбүр. Ал бұл кейде әлеуметтік қайғылы жағдайларға әкеп соғып жатады», - деп тоқтады Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, Алматы қаласындағы Экономика институтының ғалымдары құрылыс нормалары мен ережелерінде жазылған нормативтерді ескере отырып, мегаполистердің демографиялық сыйымдылығына талдау жасаған.
«Сол талдаудың қорытындысы бойынша, Шымкент қаласының демографиялық сыйымдылығы, табиғи ресурстарды ескерсек, 600 мың адамнан аспауы тиіс. Ал Алматыда сыйымдылық шегі – 1,2 млн адам. Астанада норма бойынша 1 миллионнан сәл-ақ артық адам тұра алады деген қорытындыға келді», - деді Наурыз Сайлаубай.
Депутат ауыл халқы азая берсе, ауыл шаруашылығымен айналысатын адам қалмайды деген пікірін жеткізді.
«Астананың Бас жоспарында қаланың халқы көші-қоннан соң жыл сайын 100 мың жаңа тұрғынға көбейетіні ескеріле ме? Алдағы 10 жылда қалада қанша мектеп, аурухана салынады және қанша орынға есептеледі? Алматыға қоныс аударып жатқан азаматтардың жыл сайынғы саны қандай және бұл жағдай әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салуға қатысты қаланың бас жоспарында қалай ескеріледі? Алдағы бес жылда Астана мен Алматы қалаларында қанша жұмыс орнын құру жоспарланып жатыр?» - деп сауал жолдады Мәжіліс өкілі.