Әскери теңізшілер Каспийден келетін қатерге қалқан болып отыр ма
19:01, 20 Қыркүйек 2023
Фото: Фото: Индира Сәтенбай / "ҚазАқпарат" ХАА
Ел егемендік алғалы жауынгерлік теңіз флоты отандық үлгідегі жаңа кемелермен толығып, судағы әскер қатарында жаңа күштік құрылымдар пайда болды. Соның бірі – Ақтаудағы әскери теңіз базасындағы сүңгуірлер ротасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Су астында әрекет ететін арнайы жасақ десантты-шабуылдау әскерлерімен бірлесе қимылдайды. Олар соңғы үлгідегі қару-жарақпен жабдықталған, суда ауа көпіршігін шығармайтын оттегі баллонымен тыныстайды.
Десантты-шабуылдаушы әскерлер қатары 6 ай сайын жас сарбаздармен толығып тұрады.
«Кез келген әскерлерден бірінші болып, бұрын келу – ең басты мақсатымыз. Осы сала қатерге толы, ол рас. Күн демей, түн демей команда берілген бойда – қашан да дайынбыз.
Су астында әрекет ететін жасақ қазақстандық зауытта жасалған оқу-жаттығу кешенінде қысы-жазы біліктілігін шыңдайды. Жағалауда тұрған нысанның биіктігі 14 метрге жуықтайды. Соның 6 метр бөлігіне теңіз суы толтырылған. Сүңгуірлер тобы су астында жасайтын іс-әрекетін осында қайталайды. Кешеннің кеме палубасына ұқсас бөлмесіне арқанмен өрмелеп шығу, каюта ішіне бекінген қарсыластың көзін жою үнсіз, әрі мейлінше жедел атқарылады», – дейді сүңгуірлер ротасының аға матросы Заманбек Бақтыгереев.
Арнайы жасақ лаңкестер басып алған кеме немесе теңіз инфрақұрылымына дыбыс шығармай жақындап, жаудың көзін жоюға машықтанған.
«Су астынан келеміз. Біздің келгенімізді ешкім байқамау керек. Гидрокостюмдер қара түсті болғандықтан түнде бізді ешкім көрмейді. Су астында ататын арнайы пистолеттер бар. СПП-1 деп аталады. Десантты-шабуылдаушы әскерлер жағалауда жүгіреді», – деді сүңгуірлер ротасының командирі Жәнібек Саликбаев.
Сүңгуірлер десантты-шабуылдаушы топқа жол ашып береді. Одан әрі күштік құрылым плацдармға бекініп, жауды талқандайды. Теңіз десантшыларының жаттығуы күрделі. Ала жолақ жейделі сарбаздар күнде жағалау жиегімен бірнеше шақырым жүгіреді. Қарумен және атыс құралынсыз жекпе-жек ұрыс тәсілдеріне үйренеді.
«Бұрын Каспий теңізін тек қана теледидардан көретін едім. Қазір десантты-шабуылдау батальонында қызмет етіп жатырмын. Теңіздің жағасында жаттығулар күнделікті өтеді және бұл алдағы уақытта бізге өз пайдасын тигізеді деген ойдамын», – матрос Назар Назарұлы.
Айта кетейік, таяуда Ақтау теңіз портындағы тактикалық оқу-жаттығуда жауынгерлер кәсіби шеберлігін байқатты.