Қазақстанның екінші, әлемнің 81-ракеткасы Юлия Путинцева Гуанжчоу (Қытай) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 76-ракеткасы, даниялық Клара Таусонмен ойнады.
Бірінші партияны даниялық спортшы өз пайдасына аяқтады – 6:3. Екіншісінде тай-брейкте Юлия есе қайырды – 7:6 (7:5). Осыдан кейін К.Таусон жарақатына байланысты кездесуді жалғастырудан бас тартты. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында К.Таусон 5 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.
Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 48-інші, жарыстың 3-ракеткасы, германиялық Татьяна Мариямен таласады. Ол екінші айналымда рейтингте 129-сатыдағы қытайлық Чжу Сян Байдың меселін қайырды – 6:1, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик жұптық сында Қытайдағы турнирдің ширек финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).