Атырауда саяжай тұрғындары 40 жыл су, газ, жарық және жолсыз күн кешуде
Атырауда қырық жылдан бері инфрақұрылымы жүргізілмеген саяжай тұрғындары жергілікті биліккеназын білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Jibek Joly телеарнасына сілтеме жасап.
Былтыр қаланың экс әкімі 33-ші саяжайда тұратын жұрт алдында есеп беріп, түйіткілді мәселелер біржола шешілетінін айтқан. Қаражат қарастырылып, жолдар да жөнделетінін уәде еткен. Бірақ күтілген өзгеріс болмаған.
Саяжайға халық өткен ғасырдың 80-жылдары көшіп келген. Содан бері мұнда не су, не газ, не жарық жоқ.
«Проблема жетерлік. Клубта жиналыс өткізді. Сонда уәде беріп, маусымда жол салынады, бәрі жақсы болады деп бізді сендіріп кетті», - дейді саяжай тұрғыны Айнагүл Сабалақова.
Мұнда 200-ден аса үй бар. Тұрғындардың 70 пайызы зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Жолдың жоқтығынан науқастарға жедел жәрдем де жете алмайды.
Халық назын кезекті рет тыңдауға келген әкімдік өкілдері саяжай қаланың агломерациясына кірмегенін айтып ақталды. Осының салдарынан қазынадан қаражат сұратуға негіз жоқ. Қаланың бас жоспары 2017 жылы бекітіліп кеткен.
«2017 жылы бекітілген бас жоспарға өзгерістер енгізілмей, қала әкімдігі тарапынан бірде-бір жобалық құжаттама жасауға, инфрақұрылым жасауға мүмкіншілік болмайды. Бүгінде қала әкімдігі ұсынысын өзгертуге облыстық басқармаға ұсынған еді. Бас жоспарға мердігер анықтау облыстық басқарманың құзыретіне жатады», - деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаров.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай саяжайларға «ауыл» мәртебесін беруді сұрап, Үкіметке жүгінген болатын.