Мердігер компанияларға қатаң ескерту жасалды

 Жыл соңына дейін әлеуметтік нысандардың, оның ішінде мәдениет, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысы, сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын уақтылы аяқтау қажет. Бірақ кейбір жобаларды жүзеге асыруда жоспардан кешігу тіркеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Фото: https://www.gov.kz

Осы бағытқа жауапты облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков облыстың аудан-қалаларында құрылыс жүргізіп жатқан мердігерлердің басын қосты. Бірлескен кеңесте құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау талаптары қойылды. Келісімшартқа сәйкес міндеттерін орындамай жатқан компания басшылары қатаң сынға алынды. Ескерту айтылып, заң аясында шаралар қолданылатыны жеткізілді.

«Сіздер мемлекеттік сатып алу байқауында жеңіске жеттіңіздер, енді құжаттарға сәйкес алған міндеттеріңізді орындаңыздар. Халық сіздерден нәтиже күтіп отыр. Жобаларды барынша жылдам әрі сапалы аяқтау мақсатында барлық техника мен жұмыс күшін жұмылдырыңыздар. Қосымша жұмысшылар алыңыздар. Алғашқы аяз түскенше барлық жұмыстар аяқталуы қажет», - деді Димитрий Гариков.

Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталмаса, түбегейлі шаралар қабылданбақ. Мердігер компаниялар қара тізімге енгізіліп, болашақта мемлекеттік сатып алулар мен құрылыс байқауларына қатысудан шеттетіледі. Сондай-ақ, тұрақсыздық үшін айыппұл өндіріп алу және т.б. заң аясында жауапқа тарту үшін сотқа жүгінеді.

Фото: из открытых источников