Ереван полициясы наразылық акциясын тарату үшін арнайы техника қолданды

Ереванда полиция Армения үкіметі ғимаратының маңында наразылық білдірушілерді тарату үшін арнайы құралдарды қолданды. Бұған дейін жұртшылық ел үкіметі ғимаратының жанындағы Республика алаңына жиналып, Қарабақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты премьер-министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Арменияның құқық қорғау органдары азаматтарды заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Бұл туралы ҚазАқпараттың меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: Азамат Альмаганбетов

Қарабақта әскери жағдайдың шиеленіскені туралы хабардан кейін Республика алаңындағы Армения үкіметінің ғимаратының жанына наразылық білдірушілер жинала бастады.
Жиналған жұрт әуелі Республика алаңындағы айналма жолда көлік қозғалысын жауып тастады. Олар биліктің Қарабаққа қатысты саясатына наразылық білдіріп, премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етті.
Шерушілер мен үкімет ғимаратын қоршап тұрған тәртіп сақшылары арасында қақтығыс болды. Шерушілер полиция қоршауын бұзып өтуге әрекеттенді. Тәртіп сақшылары дыбыс шығаратын гранаталарды қолданған.
Елдің құқық қорғау органдары азаматтарды заңсыз қадамдардан аулақ болуға шақырып, жауапкершілік туралы ескертті.
Еске сала кетсек, 19 қыркүйекте Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі Қарабақтағы лаңкестікке қарсы шаралар туралы хабарлады. Өз кезегінде Арменияның Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан тарапынан Қарабаққа қарсы агрессия туралы мәлімдеді.