Ел аумағында күн суып, үсік жүреді

Алдағы күндері күн райының тұрақсыз сипаты елдің солтүстігінде, шығысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында әлі де сақталады. Онымен найзағай мен екпінді жел, бұршақ күтіледі. Оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда қар аралас жаңбыр болжанады. ҚазАқпарат бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Мұхтар Холдорбеков/ "ҚазАқпарат" ХАА

21 қыркүйекте – оңтүстікте, 21-23 қыркүйекте – шығыста, 21-22 қыркүйекте оңтүстік-шығыста – қатты жаңбыр, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жауын-шашын күтіледі.

Қазақстанның тек батысында, солтүстік-батысында, Батыс антициклонының ықпалымен күн райы ашық болады.

Елдің батысында, солтүстігі мен орталығында түнгі және таңертеңгі уақыттарда тұман болжанады.

Түнде республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында және орталығында топырақ бетінде -1 градус үсік жүреді.

Ауа температурасы күндіз батыс өңірлерде 24-30-ға дейін, елдің солтүстік-батысында 15-27-ге дейін көтеріледі. Солтүстік аумақта 10-16 градусқа дейін төмендейді, орталықта 10-23 жылы болады. Шығыста температура бағамы 10-15-ке дейін түсіп, оңтүстікте 20-28-ге дейін жоғарылайды. Оңтүстік-шығыста 12-22 градусқа дейін, таулы аудандарда 2-10 градусқа дейін төмендейді.