Қазақстанның екінші, әлемнің 81-ракеткасы Юлия Путинцева Гуанчжоу (Қытай) WTA 250 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 123-орында тұрған корт иесі Ю.Сяодимен өткізді.
Тартысты өрбіген бірінші партияда Ю.Путинцева 6:4 есебімен басым түсті.
Екіншісінде тіпті бет қаратқан жоқ – 6:0.
Бір сағат 41 минутқа созылған кездесуде Юлия 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 76-ракеткасы, даниялық Клара Таусонмен сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирде өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Мексикадағы турнирде ұтылып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).