«007: Спектр» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасының алдын ала көрсетілімі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Астанада алғаш рет қазақ тілінде ұсынылып отырған британдық агент Джеймс Бонд жайындағы жиырма төртінші «007: Спектр» фильмінің таныстырылым-көрсетілімі өтті, деп хабарлайды nurotan.kz.

«007: Спектр» фильмі 2011 жылдан бергі отандық кинотеатрларда мемлекеттік тілде шығатын 12-ші кинокартина және 2015 жылдың 3-ші кинопремьерасы болып табылады. «Болашақ» қауымдастығы бес жылдан бергі кезеңде әлем деңгейіне танылған кинотуындылар мен анимациялық фильмдерді қазақ тіліне аудару бастамасын табысты іске асырып келеді. Осы жылдар ішінде 11 голливудтық блокбастер мемлекеттік тілге аударылып, дубляждалды.

Тұңғыш рет қазақ тілінде дыбысталған фильмдердің қатарында «Көліктер-2», «Батыл жүрек», «Монстрлар университеті», «Галактика сақшылары», «Күлшеқыз», «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» және т.б. сынды әлемнің киносүйер қауымы жоғары баға берген туындылар бар. Қазақ тіліне дубляждалған фильмнің таныстырылымына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Құрманғали осындай игі бастамаға «Нұр Отан» партиясы былтырғы жылдан бері қолдау білдіріп, отандық кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетілетін фильмдер үлесін арттыруға септігін тигізіп жатқандығын жеткізді. Осы жобаның арқасында қазақ тілі әйгілі Columbia Pictures кинокомпаниясы әзірлеген фильмдерді дубляждауда 7-ші әлемдік тіл болып бекітілсе, атақты Walt Disney студиясында жасалған фильмдерді дубляждауда 7 мың әлем тілдерінің ішінде 39-шы орында тұр. Сондай-ақ Б.Құрманғали мемлекеттік тілдің беделін арттыруға бағытталған жобаны қолға алып, өз деңгейінде іске асыруға белсене кіріскен барша ұйымдастырушыларға партия атынан алғыс білдірді. «007: Спектр» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасының алдын ала көрсетілімі Алматы қаласында да өтті.