1-3 қаңтар аралығында Қазақстанның бірқатар аймақтарында күн райы бұзылады - Қазгидромет

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК хабарлауынша, 1-3 қаңтар аралығында еліміздің 7 аймағында ауа райы бұзылады.

Атап айтқанда, Астана қаласында 1 қаңтарда боран соғып, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Сондай-ақ 1 қаңтарда Ақмола, Павлодар облыстарының кей жерлерінде боран соғады. Оңтүстік-батыстан соққан жел 17-22 м/с, кей жерлерде оның екпіні 27 м/с дейін жетеді. 2-3 қаңтарда Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында, 3 қаңтарда Павлодар облысында түнде ауа температурасы 20-25 градусқа дейін төмендейді, кей жерлерде 27-32 градус аяз болады. 2 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарында қатты жаңбыр жауып, арты қарға ұласады, тұман түсіп, көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің күші кей жерлерде 17-22 м/с дейін жетеді. 3 қаңтарда ауа температурасы түнде 5-10 градусқа дейін төмендеп, кей аймақтарда 15 градус аяз болады. 2 қаңтарда Қызылорда облысында түнде ауа температурасы 7-12 градусқа дейін, кей жерлерде 15 градусқа дейін төмендейді.