1 ақпан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, 1 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.


ЕСІМДЕР

88 жыл бұрын (1934-2006) Қазақстаннның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сәкен Нұрмақұлы ЖҮНІСОВ дүниеге келді.

Көкшетау облысы, Қызылтау ауданы, Кішкенекөл ауылында туған. Қазақстанның Халық жазушысы (1996). Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1957). 1957-1959 жылдары «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында және 1960-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 1988 жылдан 1991 жылға дейін КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болған. Балаларға арналған алғашқы кітапшасы («Сонарда») 1959 жылы шықты. Бұдан соң жас жеткіншектер үшін «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Кімнің мекені жақсы» (1962), «Сақау бәтеңке» (1983), т.б. кітаптары жарық көрді. «Өшпейтін іздер» повесін (1968), «Жапандағы жалғыз үй» романын жазды (1965; орыс тілінде - 1968). «Ақан сері» дилогиясы жарық көрді. (1кіт., 1971; 2кіт., 1977; орыс тілінде - М., 1979). «Алғашқы вагон» (1982), «Заманай мен Аманай» (1987) повестерін жазды. Жазушының «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1970), «Қызым, саған айтам» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд немесе масханадағы маскарад» (1981), т.б. пьесалары республика театрларында қойылды. «Өліара» пьесасына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді (1986). 2000 жылы «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» кітабы жарық көрді. Көптеген шығармалары шетел тілдеріне аударылған. Л.Н.Толстойдың, С.Цвейгтің бірқатар әңгімелерін, О.Т.Гончардың «Перекоп», «Көк адыр» романдарын, т.б қазақ тіліне аударған.

74 жыл бұрын (1948) әнші-композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбайұлы ҚОРАЗБАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Қызылсай ауылында туған.

1973 жылдан Жамбыл облыстық «Алатау» эстрадалық ансамблінің көркемдік жетекшісі, сонан соң облыстық филармония директоры болып істеді. Халық сүйіп тыңдайтын «Қара кемпір», «Қара шал», «Шашбаулым», «Сырғалым», «Аяулы Таразым», «Кенен ата», «Сағындым Кенен атамды» және т.б. әндердің авторы.

Мәдениет саласындағы жоғары жетістіктері үшін А. Қоразбаевқа Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген артисі», 1993 жылы «Қазақстан халық әртісі», 1994 жылы «Қырғызстан Республикасының халық артисі» құрметті атақтары берілді. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2010 жылы «Парасат ордені», 2016 жылы Елбасының қолынан ІІІ дәрежелі «Барыс орденін» алды.

64 жыл бұрын (1958) «Қазақстандағы татар және башқұрт конгресі» Республикалық қоғамдық ұйымы басқармасының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Бүкіләлемдік татарлар конгресіҰлттық Кеңесі (Милли Шура) төрағасының орынбасары, Қазақстан, Ресей, Татарстан, Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі Тауфик Акрамович КАРИМОВ дүниеге келді.

Бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында туған. Гурьев қаласындағы педагогикалық институтын (1979), Алматы қаласындағы Саясаттану және басқару институтын (1991), Атыраудағы Мұнай және газ институтын (1995) тәмамдады. Тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі, әлеуметтік-саяси ережелер оқытушысы, инженер-геолог мамандықтарын игерген. Әр жылдары Атырау қаласындағы №213 Кәсіптік техникалық училищеде оқытушы (1979), Халықаралық жастар туризмі бюросында референт, нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, төраға, Гурьев қалалық комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік ішкі экономикалық компаниясында эксперт, Атырау облыстық әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақстанкаспийшельф» АҚ вице-президенті, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бас инспекторы болып қызметтер атқарған. Қазір Ақтау қаласында «Каспий» Ұлттық Компаниясы АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары. «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің мүшесі. Х.Досмұхамедов атындағы университеттің Құрметті профессоры. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Қазақстандағы татар, башқұрт мәдени орталығы қауымдастығының» президенті. АҚШ-тың Туссон қаласының Құрметті азаматы.

63 жыл бұрын (1959) ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Бас директоры Үмітхан Дәуренбекқызы МҰҢАЛБАЕВА дүниеге келген.

Алматы облысында туған. Есік педагогикалық училищесін (1979), Қырғыз мемлекеттік университетінің заң факультетін (1998) бітірген. Еңбек жолы: Алматы қаласындағы №83 балабақшаның тәрбиешісі (1979-1981); Алматы қаласындағы №114 балабақшаның тәрбиешісі (1981-1983); Абай атындағы ҚазҰПУ дефектология факультетінің логопед-дефектологы, Алматыдағы №77 мектептің пионер жетекшісі (1983-1988), бастауыш сыныптар оқытушысы (1988-1989), директордың тәрбиелік жұмыстар жөніндегі орынбасары (1989-1992); Кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында тарих және география секторының әдіскері, тарих, дефектология және психология секторының меңгерушісі (1992-1993); Алматы облыстық әкімшілігінің тілдерді дамыту облыстық басқармасы бастығының орынбасары, Алматы облыстық әкімдігінің тілдерді дамыту бөлімінің бастығы (1993-1996); Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық хатшылығының бас маманы (1996-1998); Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Қазақстан халқы Ассамблеясымен жұмыс жөніндегі жетекші маманы, бас маманы (1998-2001); Астана қаласы әкімдігінің «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені» МКҚК директоры (2001-2014). ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Бас директоры, Астана қ. (2014-2019).

Қазіргі лауазымын 2019 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

«Ерен еңбегі үшін» (2005), «Астанаға 10 жыл»; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

62 жыл бұрын (1960) «Экомед» медицина орталығының негізін қалаушы және жетекшісі Салтанат Берденқызы БАЙҚОШҚАРОВА дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. 1983 жылы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетін бітірген. Медицинадағы еңбек жолын 1988 жылы Алматы қалалық кеңесханасында дәрігер-лаборант болып бастаған. Ерлер бедеулігін анықтаумен айналысып, күйеуінің немесе донордың шәуһетімен жатырішілік инсеминация жасау және аталық ұрық криоконсервациясы әдістерін енгізген. 1995 жылы бедеулікті емдейтін «Экомед» орталығын ұйымдастырып, Қазақстанда және Орталық Азияда алғашқы болып денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) әдісін енгізді. Нәтижесінде 1996 жылы 31 шілдеде осы лабораторияда Қазақстандағы алғашқы «құтыдағы бала» дүниеге келді. Қазақстандағы алғашқы лаборатория ретінде «Экомед» емханасы 1995 жылы Франциядағы Дүниежүзілік ДТҰ регистріне тіркелген.

Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын Дәрігер» атағының иесі. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігіне» атты құрмет белгісімен марапатталған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық cақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.

49 жыл бұрын (1973) ҚР Парламенті Мәжілісі VIІ шақырылымының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Анатольевич СИМОНОВ дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Білімі жоғары, Орынбор мемлекеттік университетін «менеджмент» мамандығы бойынша тамамдаған, «техник-механик» мамандығы бойынша Ақтөбе құрылыс техникумын бітірген.

1991-1993 жылдары Ленинск, Арал қалаларының және Ақтөбе облысы әскери бөлімдерінде әскери борышын атқарған. Еңбек жолын 1994 жылы «Актюбстрой» жобалау-құрылыс фирмасы» АҚ автокәсіпорнының автослесарі болып бастаған. 1995-1997 жылдары - «Актюбстрой» жобалау-құрылыс фирмасы» АҚ ТББ-70 зауыты транспорттық учаскесінің механигі. 1997-1999 жылдары - Ақтөбе қаласы әкімінің көмекшісі, Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының құрылыс және коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі. 1999-2002 жылдары - Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының жетекшісі. 2003-2004 жылдары - «Интерстиль» ЖШС материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы. 2004-2006 жылдары - Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының жетекшісі. 2006-2016 жылдары - «Стройдеталь» ЖШС директорының орынбасары, атқарушы директоры. 2016 жылғы 24 наурыздан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған.

Қазіргі қызметінде – 2021 жылдың қаңтар айынан бері.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015 ж.) мерекелік медальдарымен марапатталған.