1 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform

Бүгін, 1 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

63 жыл бұрын (1963) Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Байұзақұлы ЕРМЕКБАЕВ дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Шымкент қаласында туған. 1986 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл ту институтын қытай және ағылшын тілдерін меңгерген офицер мамандығы бойынша үздік бітірген. 1996 жылы Қазақ сәулет және құрылыс академиясын инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

Түрлі жылдары коммерциялық кәсіпорындарда, Сыртқы істер министрлігі құрылымында, ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет еткен. 2006-2007 жылдары ҚР Президентінің Кеңесшісі — ҚР Президентінің Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі, 2007-2010 жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары, 2010-2012 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі, 2012-2014 жылдары ҚР Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Вьетнам Социалистік Республикасындағы және Корея Халық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы, 2014-2016 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, 2016-2018 жылдары ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі болып еңбек еткен. 2018 жылы ҚР Президентінің көмекшісі — ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы лауазымын атқарды. 2018, 2019, 2021 жылдары ҚР Қорғаныс министрі, 2023-2025 жылдары Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары лауазымын атқарған.

59 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Мәжитұлы ӘБДІРОВ дүниеге келген.

Фото: academy-gp.kz

Қарағанды облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1991 жылдан Қарағанды қаласының Совет ауданында тергеуші, 1991-2002 жылдары Қарағанды облысының прокуратурасында тергеу басқармасының бөлім прокуроры, Теміртау қаласы прокурорының орынбасары, Қарағанды қаласы прокуратурасы жедел іздестіру, тергеу және алдын ала анықтау қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы, Шет ауданының прокуроры, Қарағанды облысы прокуратурасы мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы, 2002 жылы Бас прокуратураның орталық аппараты, 2003-2010 жылдары Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Бас прокуратураның тергеу және алдын ала анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы, Алматы қаласының және Шығыс Қазақстан аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары, 2010-2012 жылдары Бас прокуратураның мамандандырылған прокурорлар, ұсталған, қамауға алынған және жазасын өтеп жатқан тұлғалардың құқықтарының сақталу заңдылығын қадағалау департаменттерінің бастығы, 2017-2018 жылдары Ақтөбе облысының прокуроры, 2017-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 2018-2020 жылдары Түркістан облысының прокуроры болып қызмет атқарған. 2020-2025 жылдары Жамбыл облысының прокуроры қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын атқаруға 2025 жылдың қыркүйек айында кірісті.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

57 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Самат Базарбайұлы МҰСАБАЕВ дүниеге келді.

Фото: parlam.kz

Маңғыстау облысы Шайыр ауылында туған. 1987 жылы Қызылорда Агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтына түсіп, 1994 жылы «өндірістік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп, «құрылыс инженері» біліктілігін алды.

1988-1989 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызметін өтеді.

Еңбек жолын 1994 жылы «Өзенмұнайгазқұрылыс» АҚ-да шебер болып бастап, прораб, учаске бастығы, осы қоғамның басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 2001 жылы «СМК-4» ЖШС-гін құрып, құрылыс саласында жеке бизнесін бастады.2012 жылдан бастап құрамында 13 компанияны біріктірген «Корпорация Каспий Строй-Сервис» ЖШС-нің бас директоры болды.

Соңғы жылдары оның басшылығындағы құрылыс компаниялары мемлекеттік тапсырыспен және NCPOC, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның тапсырыстарымен, сондай-ақ, өзінің жеке инвестициялық қаржысына 100-ден астам әлеуметтік маңызды нысандарды пайдалануға берді.

«Қолжетімді баспана -2020» бағдарламасы бойынша 2012-2017 жылдары оның компаниялары жеке және несиелік қаржы есебінен 450 мың шаршы метрден астам үй тұрғызды.

2016 жылдан бастап Маңғыстау облысы маслихатынын депутаты болып сайланды. 2021-2023 жылдары VII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасының «Құрмет“ Орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, ҚР құрылыс, және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, Маңғыстау облысы әкімінің, қалалар мен аудандар әкімдерінің Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшы», Маңғыстау облысының «Үздік құрылысшысы» атағын иеленген. «Алтын Ягуар» халықаралық марапатына (бизнестегі мінсіз беделі және қызметтің, тауардың жоғары сапасы үшін) ие болған.

54 жыл бұрын (1972) «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Таңатқызы КАРИНОВА дүниеге келді.

Фото: primeminister.kz

Көкшетау облысында туған. 1994 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын «қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, 2016 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің магистратурасын «педагогикалық білім» бағыты бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1994 жылы ауыл мектебінің мұғалімі болып бастаған, колледж оқытушысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 2005-2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы білім бөлімінің басшысы, 2009-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары, 2012 жылғы мамырда Петропавл қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалған. 2013-2017 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы, 2017-2018 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры, 2018-2019 жылдары «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары қызметін атқарған. 2019-2021 жылдары ҚР білім және ғылым вице-министрі, 2021-2022 жылы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі, 2022-2023 ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып қызмет етті.

2023 жылдың тамызынан бастап қазіргі қызметінде.

49 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қанатбек Қайшыбекұлы МӘДІБЕК дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Жаңатас қаласындағы «Водоканал» кәсіпорнында инженер болып бастаған. 1999-2005 жылдары Сарысу ауданы әкімі аппаратында бас маман, бөлім меңгерушісі, 2005-2006 жылдары Сарысу ауданы Жаңаарық ауылдық округінің әкімі, 2006-2010 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратында бас инспектор, бөлім меңгерушісі, 2010-2012 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2012-2015 жылдары Сарысу ауданының әкімі, 2015-2016 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары, 2016-2019 жылдары ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы, 2019-2020 жылдары Сарысу ауданының әкімі, 2020-2021 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарған. 2021-2022 жылдары Талас ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келді. 2022-2025 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қазан айынан бері атқарып келеді.

46 жыл бұрын (1980) Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы ҚОЖАНБАЕВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Семей облысы, Көкпекті ауданы, Биғаш ауылында туған. Қазтұтынуодағының аң-терісі мех колледжін «Экономика, бухгалтерлік есеп және талдау» мамандығы бойынша бітірген. Тұран университетінің «Бухгалтерлік есеп және талдау», «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірді. Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясында оқып, «Іскерлік әкімшілендіру шебері — Master of Business Administration (MBA)» біліктілігін алды.

​Еңбек жолын 2000 жылдан бастап «Крамдсбанк» АҚ Семей филиалының тарату комиссиясында кредиттік қызметкер ретінде бастады. 2001-2013 жылдары Алматы қаласындағы «БТА Ипотека» АҚ-да процессинг және кепіл мониторингі бөлімінің басшысы, кредиттік басқарманың басшысы, атқарушы директоры, 2013-2014 жылдары «Темірбанк» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі, Семей қаласындағы Банк филиалының директоры, 2014-2021 жылдары «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да операциялық департамент директоры, басқарушы директор, басқарма төрағасының орынбасары, 2021-2022 жылдары «Қазақтелеком» АҚ Алматы қаласындағы сервистік фабрика — филиалының бас директоры, 2022-2024 жылдары «Абай облысының қаржы басқармасы» ММ басшысы лауазымын атқарған. 2024-2025 жылдары Абай облысы Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарған.

Қазіргі қызметіне 2025 жылдың қазан айында кірісті.

44 жыл бұрын (1982) Павлодар қаласының прокуроры Ерлан Маратұлы САЛХАНОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Қазақ гуманитарлық заң университетін «Құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Прокуратура органдарындағы қызметін 2004 жылдан бастаған. Павлодар облысының Ертіс және Успен аудандары прокурорларының көмекшісі болып жұмыс істеген.
Әр жылдары Павлодар облысы прокуратурасының көмекшісі, аға көмекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі аға көмекшісі, ҚР Бас Прокурорының көмекшісі қызметтерін атқарды. 2019-2025 жылдары Павлодар облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры болып қызмет атқарған.

Қазіргі лауазымын 2025 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.

38 жыл бұрын (1988) Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы КӘРІМОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ қаржы-экономика академиясын, ҚазМЗУ университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы бастаған. ҚР ТЖМ «Есептеу техникасы, телекоммуникациялар, информатика және ситуациялық талдау» РМК, «АйТи-Сервис» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Телекоммуникациялар саласындағы техникалық сүйемелдеу орталығы» РМК, Астана және Семей қалалары әкімінің аппараттарында қызмет еткен. 2012-2016 жылдары ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің (қазіргі ҚР Сауда және интеграция министрлігі) Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаментінің директорының орынбасары, басқарма басшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді. 2016 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің құрылымында: 2016-2017 жылдары Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2017-2019 жылдары Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің меңгерушісі — ҚР Премьер-Министрінің хаттама шефі. 2019 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және хаттама бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды. 2019-2022 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, 2022-2023 жылдары Абай облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2023-2025 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.

Қазіргі қызметін 2025 жылдың тамызынан бері атқарып келеді.

37 жыл бұрын (1989) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Тілектес Серікбайұлы АДАМБЕКОВ дүниеге келді.

Фото: ruwiki.ru

Қарағанды облысының Ақтоғай ауылында туған. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Тунцзи Университетінде (Шанхай, ҚХР) телекоммуникацияны зерттеді. Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебін бітіріп, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесі берілді. Президенттік жастар кадрлық резервінің финалисі.

Еңбек жолын 2015 жылы «Kazakh-Chinese Center of Cooperation «Silk Road» ЖШС бас директоры ретінде бастады. 2016 және 2017 жылдары «Astana Innovations» АҚ Инвестициялар және әріптестік бойынша басқарушы директоры, 2017 жылы Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы бас директорының орынбасары, 2018-2020 жылдары Eurasia Blockchain Fintech Group Limited жеке компаниясының бас директоры қызметін атқарды. 2020 жылы «Қазпошта» АҚ-да IT инфрақұрылым бойынша атқарушы директор болды. 2021-2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі қызметінде болды.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

117 жыл бұрын (1909-1993) көрнекті әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғарифолла ҚҰРМАНҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Фото: Пресс-служба ГАТОБ имени Абая

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туған. Ата-анасынан ерте айрылған болашақ әнші немере ағалары Ғұбайдолла мен Хамидолланың қолында тәрбиеленеді. 10 жасынан домбыра тартып, ән сала бастады.

Өзі туып-өскен өңірдің мақтанышы Мұхит Мерәліұлының өнерін бойына сіңіруге ниет қылып, оның туыстары Шынтас пен Шайхыға жолығады, ән үйренеді. Ақтөбе, Орынбор, Атырау, Орал өңірлеріне Мұхит әндерін насихаттайды.

1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының І слетіне қатысып, сол жерде Опера және балет театрына қабылданды.

Ол Елемес, Сақан, Жарас, Шеге, Естай, Нарымбет образдарын шебер сомдап, ұлттық операның негізін қалаған көрнекті өнер қайраткерлерінің біріне айналды. Халықтың, әсіресе Мұхиттың әндерін нақышына келтіріп орындауы арқылы бүкіл қазаққа танымал болды. Сондай-ақ, өзі де әндер шығарды. Олар: «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін, туған өлкем», т. б.

Құрманғалиев өнерпаз жастарды баулып, өзінің тамаша мектебін қалыптастырды, сөйтіп ұлттық кәсіби ән өнеріміздің дамуына баға жетпес үлес қосты. Республикалық эстрада студиясында ұстаздық ете жүріп, талантты әншілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. 1967 жылдан бастап өмірінің соңына дейін республикалық өнер және цирк студиясында ұстаздық етті.

«Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған.

112 жыл бұрын (1914-1995) актриса, Қазақстан және КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лаураты Сәбира МАЙҚАНОВА дүниеге келген.

Фото: caravan.kz

Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. 1932 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Шығармашылық жолы осы театрдың тарихымен, өсу жолымен тығыз байланысты.

Театр сахнасында сомдаған тұңғыш рөлі — Б. Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Роза (Д. Рахманқұлов, «Документ»), Зотова (В. Киршон, «Астық»), Рая (М. Әуезов, «Алма бақ»), Гүлжәмила (М. Әуезов, Ә. Тәжібаев, «Ақ қайың»), Любовь Яровая (К. Тренев, осы аттас пьеса), Әлжан (М. Әуезов, «Абай»), Зейнеп (С. Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Мақпал (Ғ. Мүсірепов, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»), Толғанай (Ш. Айтматов, «Ана — Жер-Ана»,), Кесария (О. Иоселиани, «Арбаң аман болсын»), Тхань (И. Куприянов, «Вьетнам жұлдызы») сияқты аяулы аналар образын мүсіндеп, сахна суреткері ретінде танылды.

Актерлік өнері қызуқандылығымен, қарапайымдылығымен әрі тұрмыстық бояуының қанықтығымен ерекшеленді. Майқанова классикалық туындылар бойынша Ж. Фрозина (Мольер, «Сараң»), Мария Антоновна (Н. Гоголь, «Ревизор»), Кабаниха, Галчиха (А. Островский «Найзағай», «Жазықсыз жапа шеккендер»), т. б. рөлдерін ойнады.

1936 және 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. 1954 жылдан киноға түскен: Мақпал («Махаббат дастаны»), Гүлбарша («Қыз бен жігіт»), Торғын («Біз осында тұрамыз»), Дәметкен («Құйма»), т. б.

Жазушы Д. Исабеков актрисаға «Мұрагерлер» драмасын арнаған, осы пьеса бойынша қойылған спектакльде Майқанова 1983 жылы басты рөл — Салиқаны ойнады.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.

104 жыл бұрын (1922-2011) әнші, Қазақстанның (1955) және бұрынғы КСРО халық артисі (1967), Халық қаһарманы (1996) Роза Тәжібайқызы БАҒЛАНОВА дүниеге келген.

Фотоархив Kazinform, Э. Евзерихин

Қызылорда облысының Қазалы қаласында туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.

Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады.

1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға зор үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал жасады.

Роза Бағланова — сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Р. Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйренеді. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауда ешкім тең келмейді. Шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзербайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т. б.) да әндерін нақышына келтіре орындады.

1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілері 2-конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен, «Шапағат» медалімен марапатталған.

Роза Бағланова 2011 жылы қаңтардың 8-інде Алматы қаласында дүниеден өтті. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М. Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С. Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, оның орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды.

103 жыл бұрын (1923-2000) актриса, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бикен Ырымқызы РИМОВА дүниеге келді.

Фото: Wikipedia

Алматы облысында туған. Алматы театр училищесін бітірген.

1940 жылдан өмірінің соңына дейін М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының труппасында өнер көрсеткен. Актриса театр сахнасында алғаш Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясындағы Мәрзия рөлін ойнаған. Ол Сәуле, Жанар, Дәмеш (Ә. Әбішев «Достық пен махаббат», «Бір семья», «Күншілдік»), Ғани (Т. Ахтанов «Күтпеген кездесу»), Дәметкен (Е. Домбаев «Біздің кластың қыздары»), Еңлік, Мөржан (М. Әуезов «Еңлік-Кебек», «Қарагөз»), Зейнеп (М. Әуезов, С. Соболев «Абай»), Батагөй ана (Ә. Кекілбаев «Абылай хан»), Жаңыл, Жер-Ана (Ш. Айтматов «Аңсаған менің әнімсің», «Ана — Жер ана»), т. б. рөлдерді орындауымен қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосқан.

Ол ойнайтын рөлінің өзіне тән ой-мінезін, тағдыр талқысын терең ашып, даралық сипат беруді орындаушылық өнерінің басты мақсаты тұтатын өткір мінезді актриса болған. Сонымен қатар, «Ана туралы аңыз», «Тамтам үні», «Ұлдың оралуы», «Өжет қыз» фильмдеріне, отандық көп сериялы «Тоғысқан тағдырлар» телефильміне түскен.

«Абай-Әйгерім», «Қос мұңлық» драмалық шығармалардың және «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты кітаптың авторы.

Актриса есімі Алматы облыстық қазақ драма театрына берілген.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

83 жыл бұрын (1943-2024) Мұхтар Әуезов қорының президенті, мәдениеттанушы, әдебиет зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Мұхтарұлы ӘУЕЗОВ дүниеге келді.

Фото: gov.kz

Жамбыл облысында туған. Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын, Әлем әдебиеті институтының аспирантурасын бітірген.

1965-1977 жылдары КСРО Ғылым академиясы Азия және Африка институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, 1977-1980 жылдары Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, 1980-1982 жылдары Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының бөлім меңгерушісі, 1982-1988 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, көркемдік жетекшісі болып жұмыс атқарған. 1988-1990 жылдары Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті, 1990-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма және әдеби байланыстар алқасы бас редакциясының төрағасы, 1992-1995 жылдары Қазақстанның Қытайдағы Елшісі, 1995-1997 жылдары Мәдени мәселелерді зерттеу ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі, 1999 жылдан Халықаралық «Сорос» қоры Қазақ бөлімшесінің төрағасы, 2003-2007 жылдары ҚР Ұлттық кітапханасының директоры болған.

«Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол», т. б. деректі фильмдердің, «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождение к колодцам времен», т. б. атты кітаптардың авторы.