1 қаңтардағы деректерге сәйкес Қазақстан халқы 16,4 млн. адамды құрады

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - 1 қаңтардағы деректерге сәйкес Қазақстан халқы 16,4 млн. адамды құрады. Бұл ақпаратты ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

«2011 жылдың 1 қаңтарында еліміздегі халық саны ағымдағы деректер бойынша 16,4 млн. адамды құрап, өткен жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 1,5 пайызға өсті. Халық санының ең жоғары өсімі Оңтүстік Қазақстан облысында (52686 адамға), Астана (47737) және Алматы (35457 адамға) қалаларында, ал оның азаюы - Солтүстік Қазақстан облысында ( - 3605 адамға) байқалды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Ведомствоның атап өтуінше, республиканың Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе және Атырау облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында халық саны көші-қон және табиғи өсім есебінен, ал Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында тек табиғи өсім есебінен көбейген. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, және Шығыс Қазақстан облыстарында халық саны осы өңірлердегі көші-қон кемуінің орнын толтыра алмаған төмен табиғи өсім салдарынан азайған.