1 қаңтардан бастап сатушылар мен өндірушілер әр тауарға 13 таңбалы код енгізуге міндетті

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айналымға түскен әр тауарға Ұлттық тауарлар каталогындағы (ҰТК) NTIN код енгізіледі.

Бастаманы іске асырып жатқан Қаржы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері бұл шара тауар айналымын ашық әрі сенімді ететінін айтып отыр.

Аталған ведомстволар Қазақстанда Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізіп, әр тауарға бірегей NTIN код беруге дайындалып жатыр. Бұрын бір тауар әртүрлі жүйелерде әрқалай аталатын. Мысалы, ақпарат жүйесінде «сүтті сусын», екіншісінде «айран», ал мемлекеттік сатып алу порталында «қышқыл сүт өнімі» деп жазылатын. Мұндай алшақтық ақпараттың шатасуына, қателерге және уақыт жоғалтуға әкелетін.

— Бұл 13 таңбалы код тауардың бүкіл экожүйеде танылуын қамтамасыз етеді. Ол код болмаса, электрондық шот-фактура мен сүйемелдеу жүкқұжаты рәсімделмейді, кассалық чек пен кедендік ресімдеу мүмкін болмайды, — дейді Сауда және интеграция министрінің орынбасары Әсет Нүсіпов.

Бұл 13 таңбалы кодты тауардың «цифрлық паспорты» деп атауға болады. 13 таңбаға тауардың атауы, құрамы, техникалық және тұтынушылық сипаттамалары, өлшем бірлігі, өндірушісі және шыққан елі туралы деректер жасырылады. NTIN код арқылы бухгалтерия, логистика, касса, кеден және статистика бірдей дерек алады.

— Бизнес үшін бұл жүйе уақыт пен ресурсты үнемдеуге, қателерді азайтуға, импорт пен экспорт рәсімдерін жеделдетуге, брендті қорғауға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін нарықтың ашықтығы артып, контрафакт жолы қысқарады, реттеу саясаты нақты дерекке сүйенеді. Тұтынушылар толық ақпаратқа қол жеткізіп, өнімді көшірмеден айыра алады, — дейді Сауда және интеграция министрлігі Тауарларды цифрлық трансформациялау және таңбалау департаменті директорының орынбасары Әсет Өтеғалиев.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік орган өкілдері бұл жүйе кезең-кезеңмен енгізілетінін, 13 таңбалы код енгізу міндетті болғанмен, оны орындамау ешқандай жазалау шарасына, айыппұлға әкеп соқпайтынын баса айтты.

Бұдан бұрын келесі жылдан бастап Ұлттық тауарлар каталогын қолдану міндетті болатынын жазған едік.