1 қаңтардан бастап жобалар сараптамасы жаңа цифрлық порталға өтеді

Фото: Алматы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жобаларды әзірлеу және сараптамадан өткізу үдерісін «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыруға арналған жаңа порталы іске қосылып, қолданыстағы epsd.kz порталының орнына енгізіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жаңа Портал құрылыс саласындағы барлық қатысушыны тапсырыс берушілерді, салалық реттеушілерді, жобалау және сараптама ұйымдарын бірыңғай цифрлық ортада біріктіруге бағытталған.

— Платформа жобалау кезеңінен бастап қатысушылардың бірлескен жұмысын қамтамасыз етіп, құрылыс нысанының толық цифрлық өмірлік циклын қалыптастырады.

2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін сараптамаға ұсынылған жобалар бойынша барлық рәсімдер қолданыстағы epsd.kz порталында аяқталады, — делінген министрлік хабарламасында.

Келесі жылдан бастап кешенді қала құрылысы сараптамасы мен кешенді ведомстводан тыс сараптама, сондай-ақ құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінің өтінімдері тек жаңа портал арқылы қабылданатын болады.

«Мемсараптама» РМК жаңа цифрлық платформаға кезең-кезеңімен көшу мақсатында, пайдаланушыларды оқытуға және нарық қатысушыларын жаңа порталдың құралдарына бейімдеуге бағытталған оқыту іс-шараларын жоспарлап отыр.

 Айта кетелік құрылыс саласындағы барлық қызмет «бір терезе» қағидаты бойынша атқарылады