1 қараша. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 1 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

Әміржан НӘБИЕВ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты

Фото: Gov.kz

1973 жылы Алматыда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін психология мамандығы бойынша бітірген (1995); Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құқықтану мамандығы бойынша заң магистрі (2017).

Еңбек жолы: «АМЗ» АҚ маркетинг және менеджмент департаментінің директоры (1999); «Алматытеплокоммунэнерго» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы (2009-2010); «Атрикс-Строй» ЖШС құрылыс компаниясының басшысы (2002); Алматы қалалық мәслихатының 5-ші шақырылым депутаты (2014-2016); Алматы қалалық мәслихатының 6-шы шақырылым депутаты, Еңбек, жұмыспен қамту және көлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары (2016-2021); Алматы қалалық мәслихатының 7-ші шақырылым депутаты (2021-2023), Алматы мәслихатының 8-ші шақырылым депутаты (2023 жылдың наурыз айынан бастап).

«Құрмет» орденімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Сапарғали ЖҰМАҒҰЛОВ, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы

Фото: Gov.kz

1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келген.

Еңбек жолы: ИЧ-167/10 мекемесінде, кейін ИЧ - 167/2 мекемесінде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі инспектор қызметін атқарды (2009-2011); ИЧ-167/2 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің жасақ бастығы (2011-2013); мекеменің жедел бөлімінің жедел уәкілі (2013-2014); бірқатар басшылық қызметтерді атқарды (2014-2021); ИЧ-167/3 орташа қауіпсіздік мекемесінің бастығы (2021-2025).

Қазіргі лауазымын атқаруға 2025 жылғы қаңтарда кірісті.

Мұрат БАЙМАХАНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Табиғи ғылымдар академиясының академигі, заң ғылымының ұйымдастырушысы, теоретигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты

Фото: arbius.ru

1933 жылы Алматы қаласында туған. Мәскеу Мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1962-1992 жылдары Философия және құқық институтының (Мемлекет және құқық институты) ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі, директор орынбасары, Институттың директоры болып еңбек етті. 1992-1995 жылдары ҚР Конституциялық сотының төрағасы, 1995-1996 жылдары «Қайнар» университетінің проректоры, 1996 жылы «Әділет» Жоғары құқық мектебінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, 1996-2002 жылдары «Қайнар» университетінің проректоры, заң факультетінің деканы қызметтерін атқарды. 2005-2008 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі, 2008 жылдан Қазақ мемлекеттік заң университетінің жанындағы Ғылыми сараптама және талдау институтының директоры болды.

300-ден астам ғылыми еңбек жазған, соның 20-сы – монография. Қазақстан Республикасының Конституциясын, мемлекеттік басқару органдары туралы заң жобасын жазуға қатысқан. АҚШ, Франция, Бразилия және басқа елдерде өткен халықаралық конгрестерде баяндама оқыған.

ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің медальдарымен, құрмет грамоталарымен марапатталған.

Базарбай ЖҰМАНИЯЗОВ, Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті композитор

Фото: zhaikpress.kz

1936 жылы Батыс Қазақстан облысында туған. 1951-1955 жылдары Орал педагогикалық училищесінде, 1956-1958 жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театрының жанындағы хор студиясында білім алған. 1965 жылы Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) профессор Е.Г.Брусиловский класы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1964-1965 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық редактор, 1965-1966 жылдары «Мектеп» баспасында музыка редакциясының меңгерушісі болды. 1966-1973 жылдары Алматы консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданды, 1973-1984 жылдары Қазақстан композиторлар одағының екінші хатшысы, КСРО Композиторлар одағы басқармасының мүшесі, 1984-1987 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры, 1991-1998 жылдары Композиторлар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

Тұңғыш музыкалық шығармасы – «Жер» (О.Сүлейменов сөзіне) ораториясы. Сондай-ақ оның «Махамбет» операсы (1990 жыл), «Отан туралы кантата» (1972 жыл), «Еңбек даңқы» (1974 жыл), «Отан салтанаты» (1974 жыл), «Мерекелік шеру» (1980 жыл), «Достық» (1980 жыл), «Кең байтақ Отаным менің» (1988 жыл) кантаталары; «Халқым туралы ән» (1969 жыл), «Кек әні» (1978 жыл), «1731» атты вокалды-симфониялық поэмалары; «Дала» (1976 жыл) симфониялық картинасы; «Қуаныш» (1980 жыл) симфониялық күйі; симфониялық оркестрге арналған екі сюитасы (1985, 1987 жыл); «Айтыс» (1972 жыл) атты вокалды-хореографиялық композициясы, «Ақырзаман жастары» (Абай сөзіне, 1995 жыл), «Жамбыл тойы - ел тойы» (К. Салықов сөзіне, 1996 жыл), «Жамбыл - Құлмамбет» (Т. Молдағалиев, 1996 жыл) кантаталары және көптеген әндері мен романстары бар. Сазгер 10 спектакль мен 18 кинофильмге музыка жазды. Ол 1970 жылы Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын жер, енді!» атты поэмасына арнап жазған 5 бөлімді кантатасы үшін Бүкілодақтық жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. 1986 жылы «Халықтар достығы» және 1999 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.