Әуе рейсі мен жаңа ұшақтар
Алматы туризм бюросы 30 қарашадан бастап Air Astana компаниясы Алматыдан Токиоға тікелей рейс орындайтынын хабарлады.
Рейстер аптасына екі рет Airbus A321LR әуе кемесімен жүзеге асырылып, ұшақ Нарита (NRT) әуежайында қонады. Туризм бюросы осы рейс арқылы Қазақстан мен Жапония арасында екі елдің азаматтары емін-еркін, жылдам әрі ыңғайлы түрде саяхаттай алатынын атап өтті. Одан бөлек, алдағы уақытта Алматыны Жапония нарығында ілгерілетуге бағытталған жаңа бірлескен жобалар атқарылатынын мәлімдеді.
Жүк тасымалы секторында да жаңалық бар. Қазақстанның ұлттық жүк тасымалдаушысы әуе флотына Airbus A340 ұшақтарын сатып алмақ. Бұл туралы осы аптада өткен Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев баяндады. Оның сөзінше, Алғашқы әуе кемесі биыл қарашада, екіншісі келер жылдың наурыз айында жеткізіледі.
Көлік вице-министрінің сөзіне жүгінсек, «Эйр Карго» компаниясы әуе кемелерін жеткізу жөнінде келісімшартқа қол қойған. Жаңа екі ұшақ қатарға қосылған соң, әуе кемелерінің жалпы саны 10-ға жетеді.
Құрылыс
Сонымен қатар, қараша айында Үлкен Алматы көліне апаратын жаңа соқпақ ашылады. Бүгінде Алматыдағы жаңа «Мәрмәр» туристік соқпағының құрылысы аяқталуға жақын.
Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта Үлкен Алматы көліне тікелей апаратын ұзындығы 5,3 шақырым жаңа жаяу жүргіншілер бағытын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны 2026 жылғы қараша айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Маршрут бойында шолу және демалыс алаңдары, баспалдақтар, өткелдер, ақпараттық тақталар мен бағыттаушы белгілер қарастырылған.
– Жаңа соқпақ Алматының ең көрікті жерлерінің бірі - Үлкен Алматы көліне жаяу баруды барынша жайлы, қолжетімді әрі қауіпсіз етеді, - деп хабарлады басқарма.
Ал Шығыс Қазақстанда Қатонқарағайға баруды жеңілдететін жаңа жол қарашада іске қосылады. Ұзындығы 12 шақырымға жуық Осинов асуын айналып өтетін бағыт қазіргі жолды шамамен 6 шақырымға қысқартады әрі қыста қозғалысы күрделенетін учаскедегі қауіпсіздікті арттырады.
Жуырда аталған учаскедегі құрылыс барысын тексеруге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барды. Оның сөзінше, бүгінде ұзындығы 12 шақырымға жуықтайтын жолдың негізгі бөлігі дайын. Жолды қараша айының бірінші онкүндігінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта көпір құрылысын аяқтау ғана қалды.
– Жаңа жолдағы көпірдің ұзындығы 176 метр, ал биіктігі 45 метрді құрайды. Жолдың тағы бір маңызды ерекшелігі - оның бұрынғы айналма бағытпен салыстырғанда шамамен 6 шақырымға қысқа болуы. Бұл жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Мұнай бағасы
Еліміз үшін аса маңызды тағы бір жайтты жазған жөн. ОПЕК елдері қарашада мұнай өндірісінің қазіргі деңгейін сақтауға келісті. Жуырда Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман өкілдерінің онлайн кездесуінен кейін осындай шешім қабылданды.
Ортақ шешімге сәйкес, 2026 жылдың қыркүйегіне белгіленген міндетті өндіріс деңгейі қараша айында да сақталады, яғни одақ екі ай бойы өндіріс көлемін ұлғайтпайды.
Кездесуге қатысушылар ынтымақтастық туралы келісімді ұстанатынын растап, әлемдік мұнай нарығын одан әрі бақылауға ниетті екенін білдірген еді.
Сонымен бірге, ОПЕК ұйымына мүше жеті елдің келесі кездесуі 2026 жылдың 1 қарашасына жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін 1 қазаннан не өзгергенін жазғанбыз.