1 қазаннан қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгіннен бастап елімізде келер жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға өтінім қабылдау ерте басталып, «Отбасы банк» баспананы жалға алу және ипотека төлемдерін онлайн қабылдауды шектемек.

«Кең дала 2» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен қаржы институттарының алдына көктемгі егіс жұмыстарын уақытында қолға алу туралы міндет қойған болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыру және қолдау шараларын жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар аясында биыл «Кең дала 2» бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылғы 1 қазаннан басталады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, басты мақсат – ауыл шаруашылығы өкілдерін алдын ала қаржыландыру. Бұл жаңа ауыл шаруашылығы маусымына тиянақты дайындалуға, жанар-жағармайды қолайлы бағамен сатып алуға, тыңайтқыш алуға, техниканы жөндеуден өткізуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға жол ашады.

Дәл осы кезеңдегі қаржылай қолдау егіс науқанын табысты өткізу үшін шешуші фактор саналады. Ерте қаржыландыру тетігі 2024 жылдың қараша айының соңында іске қосылып, бірден жоғары сұранысқа ие болды.

Бағдарлама шеңберінде жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесі ұсынылады. Осы орайда, кепіл мүлік мәселелесін шешудің де тиімді жолы қарастырылған, яғни қажет болған жағдайда, қарыз сомасының 85%-ына дейін «Даму» қорының кепілдігімен қамтылуы мүмкін.

Қаржыландыру республика бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ауқымды филиалдық желісі және серіктес қаржы институттары арқылы жүзеге асырылады. Жүйелі жұмыс қолдау көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етіп отыр.

Егер 2022 жылы «Кең дала» бағдарламасына 140 млрд теңге бөлінген болса, биыл 700 млрд теңге жоспарланған. Оның 500 млрд теңгеден астамы қазірдің өзінде игерілді. Бұл аграрлық саланы қолдаудың жүйелі қадамдары жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.

«Кең дала 2» бағдарламасына қатысуға өтінім беру үшін сала өкілдері «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның аймақтық филиалдарына жүгіне алады. Толық ақпаратты аgrocredit.kz сайтынан және Call-орталықтың байланыс нөмірлері бойынша алуға болады.

Фото: Үкімет

«Отбасы банк» кей қызметін офлайн көрсетеді

Банк тұрғын үй төлемдерін тұрғын үйді жалға беруге және басқа екінші деңгейдегі банктердегі ипотекалық қарыздарды өтеуге аудару операциялары бойынша процесті оңтайландырып жатыр. Осыған орай бүгіннен бастап бұл операциялар мобильді қосымшада қолжетімсіз болады. Оны банк бөлімшелерінде және Баспана маркет (otbasybank.kz) порталындағы жеке кабинет арқылы тиісті құжаттар топтамасын ұсына отырып жүзеге асыруға болады. Баспана маркет порталындағы жеке кабинетте операциялар жүргізу кезінде деректерді өңдеу мерзімі - 3 жұмыс күні.

Бұл ретте тұрғын үйді жалға алу үшін жалға берушінің деректемелері көрсетілген жалдау шарты қажет.

Ал екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық қарызды өтеу үшін мынадай құжаттар қажет:

  • жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарты (қарыз шартында/несие шартында жылжымайтын мүлік иесі туралы мәліметтер болмаған кезде ұсынылады);
  • банктік қарыз шартының / Қаржы ұйымымен қарыз шартының түпнұсқасы;
  • қарыз бойынша төлемдер кестесі;
  • ЕДБ/қаржы ұйымының немесе өзге қарыз берушінің (заңды тұлғаның) қарыз алушының берешегінің болуы мен жай-күйі туралы анықтамасы.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Елордада тұмауға қарсы күрес басталды

Бүгіннен бастап елордада маусымдық тұмауға қарсы иммундау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасын егу басталды. Қала мұндай вакцинаны 145 мың дозасын сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Ел Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес, вакцинация тәуекел тобындағы азаматтарға тегін жүргізіледі. Атап айтқанда, екпе мына санаттарға салынады: медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есептегі балаларға, балалар үйлері мен сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйіндегі адамдарға, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар азаматтарға, мектеп оқушыларына, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жабық мекемелердің контингентіне және өзге де санаттарға.

Жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталды

Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлғалардың 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеу мерзімі – 2025 жылғы 1 қазанға дейін. Жеке тұлғалардың мүлік салығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен анықталған мүлік объектілерінің құны мен меншік құқығындағы иелену мерзімі негізінде есептеледі. Салық автоматты түрде есептеліп, 2025 жылғы маусым айында меншік иелеріне хабарланған. Ақпарат екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, e-Salyq Azamat, eGov mobile арқылы push-хабарламалар ретінде жіберілді.

2025 жылғы 2 қазаннан бастап салықтық міндеттемесін уақытылы орындамаған жеке тұлғаларға салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі. Егер берешек сомасы 1 АЕК-тен асатын болса, хабарлама табысталған күннен бастап 30 жұмыс күнінен кейін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы бұйрық шығарылады және ол 5 жұмыс күні ішінде жеке сот орындаушыларына жолданады.

Мүлік салығын уақыты төлемеудің мынадай салдары бар:

  • берешек сомасының 25 пайызына дейінгі мәжбүрлеп өндіріп алу алымы;
  • банк шоттарына тыйым салу;
  • елден шығуға шектеу қою.