1 қазаннан не өзгереді: Әлеуметтік төлем, жұмыс іздеу және депозиттерге қатысты жаңа ережелер

АСТАНА. KAZINFORM – 1 қазаннан бастап ел тұрғындарына қатысты бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енді. Олардың қатарында жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем мерзімі, оны тағайындаудың жаңа тәртібі, депозиттердің шекті мөлшерлемесін арттыру бар.

Фото: Kazinform / ЖИ

Жұмыссыз қалғандар 3 айға дейін ғана төлем алады

Бүгіннен бастап елімізде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төлеудің жаңа тәртібі пилоттық жоба аясында енгізілді. Енді төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленіп, ең көбі үш айды құрайды. Жаңа тәртіп әлеуметтік төлем алуға құқығы 2026 жылғы 1 қазаннан бастап туындайтын азаматтарға қолданылады.

Пилоттық жобаға сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа әлеуметтік төлем 1 ай, 12 айдан 24 айға дейін қатысқан жағдайда 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда 3 ай төленеді. Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жеті ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды.

Фото: Kazinform

Әр азаматқа төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.

Жұмыс іздеушілерге қызмет көрсетудің жаңа тәртібі сыналады

1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсетудің жаңартылған тәсілі пилоттық жоба аясында енгізіледі. Жаңа тәртіп азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған қолдауды күшейтуге және мансап орталықтарының жұмысын жетілдіруге бағытталған. 

Негізгі өзгерістердің бірі — азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайықты жұмыс іздеу мерзімінің 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылуы. Осы кезеңде мансап орталығының мамандары азаматтың еңбек тәжірибесі, дағдылары мен қажеттіліктерін егжей-тегжейлі анықтап, кәсіби бейінін қалыптастырады. Сонымен қатар лайықты бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс берушілермен байланыс орнатады. Осылайша, мансап орталығына жүгіну тек тіркеу рәсімі ретінде емес, азаматты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейтін толыққанды процесс ретінде қарастырылады.

Фото: Анадолы

Пилоттық жоба барысында мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары жаңартылған жұмыс тәртібі бойынша қосымша оқудан өтеді. Сондай-ақ азаматтардың бейінін сапалы анықтау, лайықты жұмыс орындарын іріктеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын қолдану тетіктері сынақтан өткізіледі. Мемлекеттік қолдаудың негізгі қағидаты — азаматқа тек жұмыссыз мәртебесін берумен шектелмей, оның біліктілігі мен тәжірибесіне сәйкес тұрақты жұмыс табуына нақты жағдай жасау.

Валюталық депозиттер мөлшерлемесі өзгерді 

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді ырықтандыру аясында кейбір валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді көтерді. Қазіргі кезеңде мерзімі 12 айдан жоғары жинақ салымдардың мөлшерлемелері ғана өзгереді, яғни 1 қазаннан бастап, мұндай салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1,0%-дан 2,5%-ға дейін жоғарылайды. Жаңа шекті сыйақы мөлшерлемелері 2026 жылдың 1 қазанынан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын салымдарға ғана қолданылуы мүмкін. 

Фото: Kazinform/ЖИ

Шекті мөлшерлемелер шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін анықтау үшін ұсынылатын жоғарғы шекара саналады. Бұл ретте банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің деңгейі туралы шешімді өз бетімен қабылдайды. Аталған кезеңде әр түрлі мерзімге ашылатын мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ мерзімі 12 ай және одан төмен болатын жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер 1% деңгейінде өзгеріссіз қалады.

«Кең дала 2»: өтінім қабылдау басталды

«Аграрлық несие корпорациясы» 1 қазаннан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға өтінім қабылдай бастайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% болады. 

Ерте қаржыландыру тетігі «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан 2024 жылдың соңында іске қосылған. Бұл механизм аграршыларға егіс науқаны басталғанға дейін қажетті ресурстарды сатып алып, техниканы жөндеп, алдағы маусымға шығындарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Фото: «Аграрлық несие корпорациясы»

Бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі де артып келеді. 2025 жылы «Кең дала 2» аясында 501,5 млрд теңге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілді. Ал 2026 жылғы маусым бойынша 16 қыркүйектегі жағдайға сәйкес 664,4 млрд теңге қаржы бөлінген.

«Кең дала 2» бағдарламасына қатысушылар қаржыны екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және «Аграрлық несие корпорациясының» филиалдары арқылы алады.

Коллекторға қарызы барларға жаңа мүмкіндік: тәртіп өзгерді

1 қазаннан бастап коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың берешегін реттеу тәртібі өзгереді. Жаңа қағидаларға сәйкес, коллекторлар борышкерлерге қарызды өтеу талаптарын өзгертуге өтініш беру құқығы туралы хабарлауға міндетті.

Коллекторлық агенттік банктік қарыз немесе микрокредит бойынша құқықтарды сатып алған күннен бастап 30 күн ішінде борышкерге тиісті хабарлама жіберуі керек.

Борышкер хабарламаны алғаннан кейін берешекті өтеу талаптарын өзгерту туралы өтініш бере алады. Ол үшін қарызды өтей алмау себебін көрсетіп, табысының төмендегенін және міндеттемелерін орындай алмайтынын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

Фото: Астана әкімдігі

Құжаттар толық болмаса, коллекторлық агенттік 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді сұратады. Борышкерге оларды ұсыну үшін 5 жұмыс күні беріледі. Қажетті құжаттарды белгіленген мерзімде тапсырмау өтінішті қараусыз қалдыруға негіз болады.

Құжаттардың толық топтамасы ұсынылған жағдайда, коллекторлық агенттік өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, қарызды өтеу талаптарын өзгертуге келісім беруі, өз нұсқасын ұсынуы немесе бас тарту себептерін негіздеуі тиіс.

Сонымен қатар жаңа қағидалар коллекторлық агенттікке борышкердің жағдайын жақсарту жағына қарай талаптарды біржақты өзгертуге мүмкіндік береді. Мәселен, айыппұл, өсімпұл мен комиссияны азайту немесе жою, қарыз бен пайыздың бір бөлігін не толық көлемін кешіру, сондай-ақ төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу қарастырылуы мүмкін.

Коллекторлық агенттік мұндай өзгеріс туралы борышкерді хабардар етуге міндетті. Егер борышкер ұсынылған талаптармен келіспесе, хабарламаны алған күннен бастап 14 күн ішінде уәкілетті органға өтініш беріп, бас тарта алады.

Рейтинг агенттігі құрылады

21 қазаннан бастап «Кредиттік рейтингтік қызмет туралы» Заң күшіне енеді. Ал оның жекелеген нормалары күшіне ену мерзімі — 2027 жылғы 1 шілде. Құжат Қазақстандағы рейтинг агенттіктерінің жұмысына бірыңғай талаптар енгізеді. Негізгі жаңашылдықтың бірі — қазақстандық рейтинг агенттігін құру. Оның құрылтайшыларының бірі Қазақстан Ұлттық банкі болады. Заңда бұл агенттіктің капиталына, корпоративтік басқаруына, ішкі бақылауына және мүдделер қақтығысын реттеуге қатысты жеке талаптар белгіленеді.

Агенттіктер тек кредиттік рейтингтер ғана емес, рейтингтің өзге де түрлерін бере алады. Заңда корпоративтік басқару, исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкестік, егемен кредиттік, орнықты даму және басқа да рейтинг түрлерін беру мүмкіндігі қарастырылған.

Фото: pexels

Бұл ретте бағалау әдістемелері ашық әрі негізді болуы тиіс. Рейтинг беруге негіз болатын ақпарат сапалы әрі сенімді болуы қажет. Сондай-ақ агенттіктер заңда көзделген ақпаратты ашуға және өз қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстандық рейтинг агенттігінің басшы қызметкерлеріне жеке талаптар белгіленген. Басшылық лауазымдарға жоғары экономикалық, заңгерлік, математикалық немесе техникалық білімі және қажетті кәсіби еңбек өтілі бар адамдар тағайындала алады.

Сонымен қатар басшылардың мінсіз іскерлік беделі болуы шарт. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарға шектеу қойылады. Сондай-ақ бұған дейін қаржы ұйымында басшылық лауазымды атқаруға берілген келісімі кері қайтарылған немесе сол лауазымнан шеттетілген адамдарға да шектеулер қарастырылған.

Зерттеу теріс нәтиже берсе де қаржылық санкция салынбайды

Қазақстанда ғылыми зерттеулерді жүргізу және олардың нәтижесін өндіріске енгізуге арналған жаңа ұлттық стандарт күшіне енді. ҚР СТ «Ғылыми зерттеулер және оларды өндіріске қою. Жұмыстарды жүргізуге, есептердің құрылымы мен рәсімделуіне қойылатын жалпы талаптар» стандарты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жаңғыртуға, ғылыми нәтижелерді тәжірибеде қолдану мен коммерцияландыруға бағытталған.

Құжатта ғылыми зерттеулерді цифрландыруға, жасанды интеллект, патенттік аналитика және цифрлық егіздерді қолдануға нормативтік негіз қарастырылған. Сондай-ақ ғылыми деректердің ашықтығы мен қайта қолданылуына қатысты халықаралық FAIR қағидаттары енгізіледі.

Жаңа стандарт бойынша зерттеу нәтижелерінің жетілуі арнайы шкалалармен бағаланады. Технологиялық әзірлемелер үшін TRL, әлеуметтік жобалар үшін SRL, ал іргелі зерттеулер үшін KRL жүйелері қолданылады. Сонымен қатар ғалымдардың академиялық еркіндігін қорғауға басымдық берілген. Егер зерттеу бекітілген әдістемеге сай жүргізілсе, оның теріс нәтижесі де ғылыми жетістік ретінде танылады және ол үшін қаржылық санкция қолданылмайды.

Медицина саласындағы зерттеулерде денсаулық сақтау заңнамасының, сондай-ақ GLP, GCP және GMP талаптарының басымдығы сақталады. Ал ғылыми есептерді антиплагиаттан өткізу кезінде түпнұсқалықтың кемінде 50 пайызы болуы талап етіледі. Осылайша, жаңа стандарт ғылыми зерттеулерді цифрландырумен қатар, олардың нәтижесін бағалауды, академиялық еркіндікті қорғауды және ғылыми әзірлемелерді практикаға енгізуді жүйелеуге бағытталған.

Алматы мен Павлодарда су тарифі өзгерді

Алматыда сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне жаңа тариф белгіленеді.

л тұтынушылар тобына қарай сараланады. Жеке тұлғалар үшін сумен жабдықтау тарифі қосылған құн салығын қоса алғанда, текше метріне 178,06 теңге, ал су бұру тарифі 119,46 теңге болады. Бизнес пен заңды тұлғалар үшін су тарифі — 362,18 теңге, су бұру тарифі — 264,75 теңге. ҚҚС-ты қоса алғанда, жалпы тариф — текше метріне 626,93 теңге. Мемлекеттік ұйымдар үшін сумен жабдықтау тарифі текше метріне 649,60 теңге, су бұру тарифі 189,14 теңге болып белгіленді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ал Павлодарда электр энергиясының тарифі біршама өсіп, ал ауызсумен жабдықтау қызметі керісінше арзандады. https://kaz.inform.kz/news/pavlodarda-kazan-ayinan-bastap-elektr-energiyasi-men-auizsudin-tarifter-ozgered-7909d1b0 Атап айтқанда, жеке тұрғындар үшін электр энергиясының тарифі қосылған құн салығын есептемегенде 1 кВт/сағ үшін 1 теңгеге немесе 5 пайызға өсті. Бұл өзгеріс «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамы үшін электр энергиясын сатып алу құнының қымбаттауына байланысты енгізілді. Ауыз судың тарифі жеке тұрғындар үшін бір текше метр судың құны 97 теңгеден 92 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) кемиді.

Air Astana Дубайға рейстерін жандандырады

Air Astana 1 қазаннан бастап Алматы — Дубай — Алматы және 2026 жылғы 2 қазаннан бастап Астана — Дубай — Астана бағыттары бойынша тұрақты рейстерін қалпына келтірді.

Фото: Мақсат Шағырбаев\Kazinform

Қазан айында ұшу жиілігі біртіндеп көбейеді:

• Алматы — Дубай — Алматы бағытында 4 рейстен бастап айдың соңына дейін аптасына 12 рейске дейін.
• Астана — Дубай — Астана бағытында 3 рейстен бастап айдың соңына дейін аптасына 10 рейске дейін.

Әуе компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайды бақылауда және қажет болғанда ұшу кестесін түзетуі мүмкін, сондай-ақ өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етеді.

«Алматы — Ташкент» пойызында «әйелдер вагоны» болады

Бүгіннен бастап №½ «Алматы — Ташкент» халықаралық пойызының құрамында алғаш рет «әйелдер вагоны» іске қосылады. Жаңа қызмет Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты теміржол қатынасын жүзеге асыратын халықаралық бағытта жолаушыларға қосымша мүмкіндік береді.

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

«Әйелдер вагоны» қызметі бұған дейін ішкі бағыттарда да енгізілген. Ол іске қосылғалы бері 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған. Бұл вагондарға билеттер тек әйелдерге сатылады, жолаушыларға әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді. Сонымен қатар әйелдермен бірге жеті жасқа дейінгі ұл балаларды алып жүруге рұқсат етіледі.

№½ «Алматы — Ташкент» пойызы күн сайын қатынайды. Алматыдан 19:05–те жөнеліп, Ташкентке 12:53–те (Ташкент уақытымен) келеді. Кері бағытта пойыз Ташкенттен 14:41–де шығып, Алматыға 08:51–де жетеді.

Осылайша, 1 қазаннан бастап Қазақстанда «әйелдер вагоны» қызметі қолжетімді пойыз бағыттарының саны 14-ке жетеді.