«1 келі 850 грамм»: өмірге асыққан сәбилер мен оларға жылу сыйлаған жандардың оқиғасы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы бес жылда 142 мыңға жуық сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген. Олардың арасында салмағы бір келіге де жетпейтін нәрестелер бар. Мұндай жағдайда дәрігерлер сәбидің өмірін сақтап қалу үшін күрессе, аналар үшін әр күн қорқыныш пен үмітке толы.

Фото: Kazinform/ЖИ

Kazinform тілшісі Шала туған сәбилердің дүниежүзілік күніне орай мерзімінен бұрын босанған анамен және кішкентай нәрестелерге киім тоқитын еріктілермен сөйлесті. Сондай-ақ қазақ халқының шала туған сәбилерді күтуге қатысты дәстүрін зерделеп көрді.

«Баламды қолыма алғанда қатты қорықтым»

Қосшы қаласының тұрғыны Айдана (есімі өзгертілген) тұңғыш сәбиін жүктіліктің 33-аптасында дүниеге әкелген. Жүктілік кезінде оның қан қысымы көтеріліп, денесі ісіне бастаған. Дәрігерлер ауыр преэклампсия диагнозын қойып, ана мен баланың денсаулығына қауіп төнгендіктен, шұғыл кесарь тілігін жасауға шешім қабылдайды.

Осылайша, Айдананың баласы небәрі екі келі салмақпен дүниеге келген. Бірақ сәбиін босанғаннан кейін бірден бауырына баса алмаған. Өзі үш күн жансақтау бөлімінде жатса, нәрестесі шамамен бес күн дәрігерлердің бақылауында болған.

Фото: Kazinform/ ЖИ

– Бұл менің бірінші балам. Жүктілігім осылай аяқталады деп ойлаған жоқпын. Ауруханаға алғашында жүктілікті сақтау үшін түскен едім. Бірақ жағдайым нашарлап, бүкіл денем ісініп кетті. Содан дәрігерлер шұғыл кесарь тілігін жасады. Баламды алғаш қолыма бергенде қатты қорықтым. Өйткені ол өте кішкентай, әлсіз болды. Не істеу керегін білмедім. Оның үстіне өзімнің де жағдайым жақсы емес еді, - деп еске алады Айдана.

Жас ана үшін ауруханадан шыққаннан кейінгі кезең де оңай болмаған. Нәресте әлсіздігінен ана сүтін өздігінен еме алмаған, сондықтан Айдана сүтін сауып, бөтелкемен тамақтандыруға мәжбүр болған. Оның үстіне сәбиінің салмақ қоспауы да жас ананы алаңдатқан.

Өзінің айтуынша, босанғаннан кейін сегіз-тоғыз күн өткенде, баласының салмағы 1 келі 850 грамм болғанына қарамастан, оларды ауруханадан шығарған. Арада көп уақыт өтпей, нәресте қайта ауырып, балалар ауруханасына түскен.

– Бізді ауруханадан шығарғанда баламның салмағы 1 келі 850 грамм болды. Ол дұрыс салмақ қоспады, омырауды да еме алмады. Сүтімді сауып, бөтелкемен беретінмін. Үйге келгеннен кейін бір айға жетпей қайта ауырып қалды. Балалар ауруханасына түстік. Сол жерде де салмақ қоспай жатқанын айтты. Кейін үйге шыққан соң арнайы таразы алып, баламды күн сайын өлшеп отырдым, - дейді ол.

Фото: Kazinform/ЖИ

Айдананы әлі күнге дейін мазалайтын мәселе – перзентханада жас анаға жеткілікті түсіндіру жұмысының жүргізілмеуі. Оның сөзінше, шала туған сәбиді қалай күту, қандай жағдайға назар аудару керектігі толық айтылмайды.

– Мен бұрын шала туған балалар туралы көп білмейтінмін. Осындай жағдай басыма түскеннен кейін ғана интернеттен оқып, іздене бастадым. Менің ойымша, мұндай аналарға көбірек қолдау керек. Дәрігерлер бәрін түсіндіріп, үйретуі қажет. Ал маған ешкім дұрыстап түсіндірген жоқ. Баланы қалай күту керегін де білген жоқпын. Тіпті баламның салмақ қоспағанына қарамастан, ауруханадан шығарып жіберді, Есіме түссе, әлі күнге дейін жылағым келеді, - дейді Айдана.

Дегенмен жас ана қиын сәтте жалғыз қалмағанын айтады. Оған анасы мен жақын туыстары көмектескен. Қазір баласы сегіз айлық. Айдананың сөзінше, сәбиінің жағдайы жақсы, өсіп келеді. Бірақ соңғы уақытта жиі ауырып жүргендіктен, денсаулығына әлі де алаңдайды.

Бір жылда 17 мыңға жуық сәби шала туған

Айдананың оқиғасы – Қазақстанда жыл сайын мыңдаған отбасы бастан өткеретін жағдайдың бірі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде 142 мыңға жуық нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келген. Ал 2025 жылы шала туған балалардың саны шамамен 17 мың болған.

Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылы мерзімінен бұрын босану көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 8 пайызға төмендеген. Дегенмен шала туған нәрестелердің арасында дәрігерлердің ерекше бақылауын қажет ететін балалар әлі де көп.

Әсіресе дүниеге келген кездегі салмағы 1000 грамға жетпейтін сәбилерді күтіп-баптау күрделі. Министрлік дерегіне сәйкес, мұндай нәрестелер барлық жаңа туған балалардың 0,3–0,4 пайызын құрайды. 2025 жылы Қазақстанда салмағы бір келіге жетпейтін 1356 сәби дүниеге келген.

ДСМ-нің мәліметінше, былтыр шала туған нәрестелердің барлығына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Дегенмен мұндай сәбилерге медициналық көмектен бөлек, ерекше күтім де қажет. Айдана перзентханада жатқан кезінде сәбиінің аяғына кигізілген кішкентай жүн шұлыққа назар аударғанын айтады. Оның қайдан келгенін сұрағанда, шала туған нәрестелерге арнап еріктілер тоқитынын білген. Баласына шұлықтан бөлек, баскиім, кеудеше мен көрпе де берілген. Кейін әлеуметтік желі арқылы «28 ілмек» қозғалысымен танысып, бұл бұйымдарды еріктілердің тегін дайындайтынын білген.

Фото: Назерке Сүйіндік / Kazinform

Сөйтсек, Қазақстанда мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерге осылай қамқорлық көрсетіп жүрген тұтас еріктілер қозғалысы бар екен. Олар кішкентай нәрестелерге арнап жүннен киім тоқып, дайын бұйымдарды перинаталдық орталықтарға тегін жеткізеді.

«28 ілмек»: шала туған сәбилерге жылу сыйлаған жандар

Фото: Назерке Сүйіндік / Kazinform

Қосшы қаласында әртүрлі мамандық иелері ай сайын бас қосып, өмірге асығып келген сәбилерге арнап киім тоқиды. Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер, үй шаруасындағы әйелдер, оқушылар мен зейнеткерлер бар. Жас ерекшелігі де әртүрлі. Тіпті еріктілер қатарында 89 жастағы әжей де болған. Бір қарағанда, бұл кәдімгі тоқыма үйірмесіне ұқсауы мүмкін. Бірақ мұнда тоқылған әр бұйымның иесі – мерзімінен бұрын дүниеге келген кішкентай сәби.

«28 ілмек» клубының Қосшы қаласындағы үйлестірушісі Анар Жабаспаева бұл қозғалыстың тарихы 2012 жылдан басталғанын айтады. Оның сөзінше, журналист Карла Нұр шала туған нәрестелерді күту туралы репортаж дайындау кезінде инкубатордағы сәбидің аяғына кигізілген жүн шұлықты байқайды. Дәрігерден оның не үшін қажет екенін сұрағанда, шұлықтың нәрестені жылы ұстауға арналғанын естиді. Осы оқиғадан кейін шала туған балаларға арнап киім тоқитын еріктілерді біріктіру идеясы туған.

Алғашқы кездесу Алматыда ұйымдастырылған. Кейін бастама өзге қалаларға таралып, халықаралық қозғалысқа айналған. Анар Жабаспаеваның айтуынша, қазір 14 елде 150-ден астам клуб жұмыс істейді. Қазақстанның өзінде 22-ден астам қалада осындай еріктілер тобы бар.

Фото: Назерке Сүйіндік / Kazinform

– Мен бұл қозғалысқа 2020 жылы Астанада қосылдым. Кейін Қосшыға келгенде неге біздің қалада да осындай клуб ашпасқа деп ойладым. Екі жыл бойы тоқу тәсілдерін, кездесулердің қалай ұйымдастырылатынын үйрендім. Содан кейін өзіміздің алғашқы кездесуімізді өткіздік. Қазір бесінші жыл жұмыс істеп жатырмыз. Біздің қатарымызда оқушылар да, зейнеткерлер де бар. Әртүрлі мамандық иелері келеді. Бәрімізді біріктіретін нәрсе – балаларға көмектесуге деген ниет, - дейді Анар Жабаспаева.

Қазір Қосшыдағы клубта 17–18 ерікті бар. Олар үш ай сайын Көкшетаудағы перинаталдық орталыққа 50–60 жиынтық апарады. Әр жиынтық бес бұйымнан тұрады: көрпе, кеудеше, баскиім, шұлық және мақта жіптен тоқылған ойыншық.

Киімдердің өлшемі мен тоқылу тәсілі де алдын ала белгіленген. Анардың айтуынша, еріктілер арнайы ұсынылған үлгілерді басшылыққа алады. Себебі мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелердің денесі өте нәзік болғандықтан, бұйымдардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.

Фото: Назерке Сүйіндік / Kazinform

– Біз кез келген жіптен тоқи бермейміз. Жүннің құрамы, бұйымның өлшемі, тоқылу тәсілі маңызды. Мысалы, көрпені үлкен тесіктерсіз, артық әшекейсіз тоқимыз. Әр дайын бұйымды қабылдар алдында өлшемін тексеремін. Кейін жуып, өңдеп, қаптаймыз. Өйткені бұл киімдер өте кішкентай сәбилерге арналған, - дейді клуб үйлестірушісі.

Анар Жабаспаева жүннен тоқылған киімдердің нәрестелерді жылы ұстауға арналғанын түсіндірді. Әрі жүн талшықтары сәбидің терісіне жеңіл массаж жасап, терісін қышытып, дем алуды ұмыттырмайды. Дегенмен ол еріктілердің медициналық емге араласпайтынын ерекше атап өтті.

– Біз медициналық жұмысқа араласпаймыз. Ол жерде кәсіби неонатологтер бар. Балаларға бұл тоқылған киімдерді қашан кигізуге болатынын дәрігерлер шешеді. Біздің міндетіміз – емдеу емес, қолдау көрсету. Біз тек жылу сыйлаймыз, - дейді ол.

Сондай-ақ ол еріктілер үшін ең қуанышты сәттердің бірі – өздері киім тоқып берген балалардың жағдайы жақсарғанын есту екенін айтады. Тіпті еріктілер ешқашан жүзбе-жүз көрмеген нәрестелердің тағдырына алаңдап, олардың амандығын тілеп отырады.

Фото: Назерке Сүйіндік / Kazinform

– Кейде дәрігерлер бізге баланың жағдайы ауыр екенін айтады. Біз бәріміз уайымдап, тілеуін тілейміз. Кейін оның өздігінен тыныс ала бастағанын естігенде қатты қуанамыз. Топта бір-бірімізге хабарласып, қуанышымызды бөлісеміз. Ол баланы өмірімізде көрмеуіміз де мүмкін. Бірақ оның жағдайы жақсарғанын білу біз үшін үлкен қуаныш, - дейді «28 ілмек» клубының үйлестіруші.

«Кейбір аналар өзін кінәлап, жылайды»

Анар Жабаспаева үшін бұл жұмыс тек киім тоқумен шектелмейді. Ол перинаталдық орталықтарға барған кезде шала туған балалардың аналары қандай күй кешетінін де көзімен көрген. Айтуынша, кейбір әйелдер сәбиінің мерзімінен бұрын дүниеге келгеніне өзін кінәлайды. Тіпті отбасында қолдау көрсетудің орнына, ананы жазғыратын жағдайлар да кездесетінін жеткізді.

– Кейбір аналар баласы шала туғаны үшін өзін кінәлайды. Тіпті аналардың өзінен күйеуі немесе енесі әйелдің өзін кінәлайтын жағдайлар болатынын естідік. Біз перинаталдық орталыққа барғанда аналардың қандай күйде отырғанын көреміз. Олар қатты уайымдайды, баласының жағдайына алаңдайды. Кейде тоқылған киімдерді апарғанымызда жылап, алғыс айтады. Өйткені оларға осындай қолдаудың өзі өте маңызды, - дейді Анар Жабаспаева.

Еріктінің айтуынша, кейбір аналарға психологиялық көмек қажет екені байқалады. Себебі олар сәбиінің денсаулығына алаңдап қана қоймай, өздерінің қорқынышы мен уайымын да еңсеруге тырысады.

Фото: Назерке Сүйіндік / Kazinform

Бұл мәселені Айдана да көтерген еді. Ол баласы дүниеге келгеннен кейін өзіне жеткілікті ақпарат берілмегенін, ал шала туған нәрестені күтуге байланысты көптеген сұраққа жауапты өздігінен іздегенін айтты.

– Басқа қалаларда, өзге ауруханаларда жағдай қалай екенін білмеймін. Бірақ мен босанған перзентханада шала туған сәбилердің аналарына тиісті қолдау көрсетілмейді екен. Бұл – үлкен мәселе. Мұндай жағдайда аналарға көбірек көңіл бөліп, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Ал маған баланы қалай күту керегін үстірт түсіндірді де, үйге шығарып жіберді. Ешқандай қолдау мен көмек болған жоқ, - дейді Айдана.

Осы екі әйелдің әңгімесі шала туған сәбилерге медициналық көмек көрсетумен қатар, олардың аналарына да қолдау қажет екенін аңғартады. Перинаталдық орталықта дәрігерлер нәрестенің өмірін сақтап қалуға күш салады, десе де аналарға баласының жағдайын жан-жақты түсіндіру, үй жағдайындағы күтімге дайындау және психологиялық қолдау көрсету де маңызды.

Анар Жабаспаеваның сөзінше, еріктілер мұндай қолдауды өз мүмкіндіктері шегінде көрсетуге тырысады. Бұл іске клуб мүшелерінен бөлек, қайырымдылық бастамасына жанашырлық танытқан адамдар да атсалысып жүр.

Фото: Назерке Сүйіндік / Kazinform

«28 ілмек» қозғалысының тұрақты демеушісі жоқ. Еріктілер қажетті жіпті сатып алу үшін қайырымдылық жәрмеңкелерін ұйымдастырады. Олардың бастамасына достары мен жақындары да қолдау көрсетіп, әркім өз мүмкіндігінше үлес қосып жүр.

– Бізде тұрақты демеуші жоқ. Бірде достарымыз, бірде туыстарымыз көмектеседі. Қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізіп, ақша жинаймыз. Сол қаражатқа жіп сатып аламыз. Жіп таусылған сайын келесі жолы қайдан аламыз деп ойланамын. Өйткені еріктілер тоқуға дайын, бірақ оған материал керек. Бұрын жиналатын орын табу да қиын болды. Қазір бізге орын беріп, қолдау көрсетіп жүрген адамдар бар. Мәселен, биыл әкімдік жиналатын орын берді, - дейді Анар Жабаспаева.

Соған қарамастан, еріктілер жұмысын тоқтатқан емес. Олардың арасында тоқыма тоқуды бұрын білмеген, кейін осы клубта үйренген адамдар да бар. Анардың айтуынша, қозғалыстың басты қағидасы – көмектескісі келген кез келген адамға мүмкіндік беру.

Ал тоқылған киімдердің кейбірі сәбилердің отбасында ұзақ жылдар сақталады. Еріктілер үшін бұл – ең үлкен алғыстың бірі.

Қазақ шала туған баланы неге тымаққа салған

Бүгінде еріктілер мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелерге арнап жүннен киім тоқып жүр. Ал қазақ халқы ерте заманда шала туған баланы жылы ұстаудың өзіндік жолдарын қолданған. Соның бірі – нәрестені қасқыр терісінен тігілген тымаққа салу.

Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, қазақтың дәстүрлі қоғамында шала туған баланы аман алып қалуға байланысты түрлі күтім тәсілдері мен ырымдар болған.

Фото: almalife.kz

– Қазақтар шала туған баланы қасқырдың терісінен тігілген тымаққа салған. Тымаққа салып, оны іліп қойған. Киіз үй болса, керегеге, қыстау үй болса, қабырғаға ілген. Анасы емізіп, құндақтағаннан кейін баланы қайтадан тымақтың ішіне салып отырған. Өйткені шала туған баланың терісі жұқа, еті аз болады, тез тоңады. Ал қасқыр терісінен тігілген тымақ өте жылы болған, - деп түсіндірді этнограф.

Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, қазақ халқы шала туған нәрестенің аман-есен өсіп-жетілуіне ерекше мән берген. Бұл тек баланы күту тәсілдерінен ғана емес, оған қойылған есімдерден де байқалады.

Мәселен, бұрын баласы шетінеген отбасыларда немесе нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келген жағдайда Тұрсын, Балтабай, Темірбай, Берікбай сияқты есімдер қойылған.

– Тұрсын деген ат тек шала туған балаға ғана қойылмаған. Алдындағы баласы шетінеген отбасыларда кейін дүниеге келген нәрестеге де осы есімді берген. Балтабай, Темірбай, Берікбай деген аттардың да мәні сондай. Балтабай деп кіндігін балтамен шауып, берік болып қалсын деген ниетпен қойған. Темірбай деп темірдей берік болсын деген. Мұның бәрі баланың аман қалуына деген тілекпен байланысты, - дейді Тәттігүл Қартаева.

Этнографтың сөзінше, қазақ арасында «иттің бауырынан өткізу» деген ырым да болған. Бұл рәсім баланың өміршең, төзімді болсын ырыммен жасалған.

– Қазақта «итжанды болсын» деген түсінік бар, яғни бала өміршең, төзімді болсын деген мағынада айтылған. Сол себепті шала туған баланы иттің бауырынан өткізу ырымы болған. Ол үшін төбет немесе тазының ұрғашысын пайдаланған. Баланы иттің бауырына жақындатып, аузын оның емшегіне тигізген, - дейді ғалым.

Бұдан қазақ халқының шала туған нәрестені қорғауға, аман алып қалуға деген ұмтылысының тарихи көрінісін байқауға болады.

Осыған дейін Қазақстанның Орталық Азиядағы нәресте өлімінің көрсеткіші ең төмен ел атанғаны туралы жаздық.