1 қыркүйекке қараған түні сағатына 6 метеорға дейін көруге болады

АСТАНА. KAZINFORM – 1 қыркүйекке қараған түні шарықтау шегіне жететін Ауригидтер метеор ағынын Айдың жарығына байланысты бақылау қиындайды, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: Freepik

Мәскеу планетарийі әдістемелік сүйемелдеу бөлімінің жетекшісі, астроном Людмила Кошманның айтуынша, Ауригидтер немесе Альфа-Ауригидтер орташа қарқынды метеор ағындарының қатарына жатады.

Олардың радианты, яғни метеорлар ұшып шығатындай болып көрінетін аспан аймағы Арбакеш шоқжұлдызында, Капелла жұлдызына жақын орналасқан. Бұл метеор ағынының пайда болуына C/1911 N1 Kiess кометасы себеп болған.

– 2026 жылы Ауригидтер 28 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында белсенді болады және 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түні шарықтау шегіне жетеді. Болжам бойынша, аспан мінсіз қараңғы болған жағдайда сағатына алты метеорға дейін көруге болар еді. Алайда метеор ағынының шарықтау кезеңіндегі жарық Ай көзге көрінетін «аққан жұлдыздардың» санын айтарлықтай азайтады, – деді Людмила Кошман.

Күздің алғашқы метеор ағыны метеорлар санының аздығымен ерекшеленеді. Дегенмен кей жылдары оның белсенділігі кенеттен күшейген.

1935 жылы осындай күтпеген белсенділіктің арқасында ғалымдар бұл метеор ағынын анықтаған. Қысқа мерзімді белсенділік 1986, 1994 және 2019 жылдары да байқалып, кей кездері сағатына 30-50 метеорға дейін жеткен.

Мамандардың болжамынша, алдағы 70 жылда қыркүйектің басында Ауригидтердің аса қарқынды «жұлдыз жауыны» күтілмейді. Өйткені Жер орбитасы Kiess кометасы қалдырған шаңды ізбен жақын арада қиылыспайды. Кометаның ұсақ бөлшектері Жер атмосферасына енген кезде метеорлар пайда болады.

Айта кетейік, бұған дейін Персеидтер метеор ағыны 13 тамызға қараған түні шарықтау шегіне жететіні мәлім болды.