Абай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, түнгі уақытта Семейдегі студенттерге арналған жатақхананың жанында жастар 1-курс студенттерін қабылдау кешін ұйымдастырған.
Қатты шыққан дауыстар жақын маңдағы үйлердің тұрғындарының мазасын қашырып, олар полицияға шағым түсірді.
«Тәртіп сақшылары 20 жастағы ұйымдастырушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабы 1-бөлігіне (жеке тұлғалардың демалуына және тыныштығына кедергі келтіретін шұғыл қажеттілікпен байланысты емес шуылмен сағат 22.00-ден 9.00-ға дейінгі тыныштықты бұзғаны үшін) сәйкес әкімшілік хаттама толтырды. Осы бап бойынша жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», – делінген ақпаратта.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан көрінгендей, жатақханаға алдында жиналған жастар бір-бірінің үстіне су шашып жатыр.
Жалпы жыл басынан өңір полицейлері түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 1500-ге жуық адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.