АТАУЛЫ КҮНДЕР
Білім күні
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі. Қыркүйектің бірінші күні еліміздің барлық орта білім беру ұйымдарында білім күніне арналған салтанатты жиын өтеді. Өңірлік білім басқармалары жаңа 2022-2023 оқу жылын жариялайтын іс-шараның жоғары идеялық-құндылық мазмұнын қамтамасыз ету мақсатында қажетті іс-қимылдарды үйлестіреді. Осы жылдың алғашқы сынып сағаттары да Білім күні өтетін болады.
Өнердегі үзіліс күні
Жыл сайын қыркүйектің бірінші жұмасында тойланады. Атаулы күннің бастамашысы - Art is Moving коммерциялық емес ұйымы, ол күнделікті күйзелісті жеңу тәсілі ретінде арт-терапияны насихаттайды. Алғаш рет 2011 жылы аталып өтті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. 1930 жылы университет Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта құрылды. 5 жылдан соң оған қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. 1992 жылы университет мәртебесін алып, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті деп атала бастады.
1950 жылы Мұхтар Әуезов бастама жасап, Қазақ мемлекеттік университетінде «Абайтану» пәнін енгізді. Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) - қазақ әдебиетінің классигі, жазушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында туған. Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған.
2000 жылы түркі халықтарының Алматы мәдениет қоры құрылып, оның демеушілігімен «Түрік дүниесі» газетінің бірінші саны жарыққа шықты.
2001 жылы Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы екіжақты келісім негізінде Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам университеті құрылды. Университетте ислам теологтары, имамдар, араб тілі мамандары, аудармашылар мен елтанушылар дайындалады.
2006 жылы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайының ашылу салтанаты өтті. Жоба авторы - танымал британдық сәулетші Норман Фостер. Ғимарат биіктігі 62 метр, онда 1,5 мың адам сыятын опера театры, үш қабатты мұражай, көрме және концерт залдары, діни конфессиялардың кеңселері орналасқан. Аталмыш нысанды түріктің «Сембол Иншаат» компаниясы салған.
2010 жылы Лондонның қақ ортасындағы Christie's аукцион үйінің басты көрме залдарында Қазақстан Республикасының Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінен және жеке коллекциялардан жиналған экспонаттары қойылып, ХХ ғасырдағы қазақ және орыс халықтарының өнер көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің ашылуы Батыс Еуропада бірегей оқиға болды. Ол – әлемде баламасы жоқ нағыз шедеврлердің ауқымды экспозициясы еді.
2011 жылы Астанадағы № 66 мектеп-лицейде «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірім ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қатарына алғашқы мүшелерді қабылдау рәсімі өтті. Ұйымның мақсаты – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу.
2011 жылы Жаңаөзен қаласындағы Бұрғылаушылар аллеясында Қазақстанда алғаш рет мұнай-газ жұмысшыларына арналған ескерткіш ашылды.
2011 жылы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы толығымен қазақ тілінде хабар таратуға өтті.
2014 жылы Шымкентте танымал боксшы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған шара өтті. Б.Саттарханов атындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының алдына боксшының ескерткіші қойылды.
2014 жылы Астанада өңірдегі ең үлкен Қазақ ұлттық хореография академиясының құрылысы басталды. Ол ЭКСПО-2017 қалашығына қарама-қарсы орналасқан. Академия төрт корпустан: оқу, балет, театр және тұрғын ғимараттарынан құралған. Оларды жылы жаяужол галереялары біріктіріп тұрады. Оқу корпусының ғимаратында жалпы білім беретін мектеп, колледж және институт орналасқан.
2016 жылы Алматыда жүзуден Қазақстаннан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин атындағы жаңа 25 метрлік бассейннің ашылуы өтті.
2017 жылы Алматы облысының Қарасай ауданында «Батыр бабалар» ескерткіш кешені ашылды. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асырылды.
2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялады. Қ.Тоқаевтың екінші Жолдауы ел дамуының негізгі мақсаттары, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналған.
2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады. Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындады.
2021 жылы Маскат қаласында (Оман) «Халықаралық қоғамдастық таныған Қазақстан» атты фотокөрме ашылды. Онда еліміздің ғылыми-техникалық жетістіктері, сондай-ақ Семей ядролық полигонындағы сынақтардың тарихы туралы фото-және бейнематериалдар ұсынылды.