«Бүгін біз заманауи кабинеттері бар, ауқымды акт залы бар, жайлы асханасы бар жаңа оқу ғимаратын ашқалы тұрмыз. Мұның бәрі сендер үшін жасалды, балалар! Әсіресе, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық, Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылуының өзі айтуға тұрарлық», - деп Н.Әбдібеков ауыл оқушыларын Білім күнімен құттықтады.
Мектеп жетекшілігіне облыс әкімі роботехника кабинетін жабдықтауға арналған сертификат табыстады.
320 орындық Құрма мектебі 2016-2019 жылдарға арналған ҚР білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Ол үшін республикалық бюджеттен 823,3 миллион теңге бөлінді. Мұнда шеберхана, мультимедиа, лингафон кабинеттері, акт залы, спорт және оқу залдары, кітапхана мен асхана бар. Автономды жылу жүйесі бар.
Жаңа оқу жылында мектеп 237 оқушы қабылдады, оның 145-і қазақ тілінде, 92-сі орыс тілінде білім алады. 43 ұстаз жұмысқа қабылданды.
Жаңаарқа ауданының М.Жұмажанов ауылдық округінде де 150 орындық жаңа мектеп ашылды, деп хабарлады аудандық әкімдік.
Қарағанды облысында 523 мектеп жұмыс істейді, онда 183 мыңнан астам оқушы біілм алады. Биыл 23 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттады.