1 қыркүйекте 61 мектеп пен 14 балабақша пайдалануға беріледі - Білім және ғылым министрі

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат -1 қыркүйекте мемлекеттік бюджет есебінен 61 мектеп пен 14 балабақша пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

«Жалпы жыл соңына дейін 59,4 оқушыға арналған 146 мектеп, 32 балабақша, 1 кәсіптік лицей  пайдалануға берілмекші. Бұндай қарқынды құрылыс бұрын-соңды болмаған», - деді Білім министрі.

Сонымен қатар, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына тоқталған ведомство басшысы, бұл бағытта міндеттемелер толық аяқталатынын мәлім етті. Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша ең соңғы нысан Астана қаласы маңындағы Ильинка елді мекенінде беріледі. 1200 оқушыға арналған мектептің ресми ашылу салтанаты 30 тамызға жоспарланып отыр.