1 қыркүйекте Қазақстанның басым аумағында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, батыста ауа температурасы төмендейді деп күтілуде - ауа райы болжамы

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - 1 қыркүйекте Қазақстанның басым аумағында атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде, деп хабарлады Қазгидрометке сілтеме жасай отырып ТЖМ-нің баспасөз қызметі.

Елдің басым аумағында кей жерлерде жаңбыр жауып, жекелеген аудандарда найзағай ойнап, жел күшейеді, республиканың батысында ауа температурасы төмендейді. Тек республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысында ауа райы жауын-шашынсыз болады.

Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, күндіз Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарында кей жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Қостанай облысында жекелеген жерлерде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғып, түнде және таңертең тұман болады.

Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс, кей жерлерде батысы мен солтүстік-батысында төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.

Алдағы 3 тәулікте елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы өзендерде су деңгейінің ауытқуы байқалады.