Мамандардың бағалауынша, әл-Аулаки бүгінде Усама бен Ладеннен де көбірек қауіп төндіріп отырған көрінеді. Ал бен Ладен 2001 жылғы қыркүйектің 11-індегі лаңкестіктен кейін өз басының амандығын ойлап, белсенді іс-қимылдан бойын аулақ салуға мәжбүр болып отыр, дейді сарапшылар.
Еуропалық дерек көздердің хабарлауынша, 39 жастағы йемендік Әнуар әл-Аулаки АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы құрастырған және жаңартқан тұлғалардың тізіміне қосылып отыр. Бұл тізімге кіргендердің көздері дереу жойылуы керек, себебі олар қоғам үшін айрықша лаңкестік қауіп төндіреді.
АҚШ-та йемендік отбасында туған әл-Аулаки бүгінде лаңкестікті насихаттау және фанатиктерді Батыспен күреске шақыру үшін Интернетті және бейнетехниканы белсенді пайдаланып отырған ең танымал радикалды исламист. Әсіресе, танымал YouTube желісіне Әнуар әл-Аулакидің бейнедәрістері көп орнатылады.