1 Мамыр - бірліктің ерекше мерекесі

Фото: None
АСТАНА. 1 мамыр. ҚазАқпарат - «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың әпсанасы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де қазақтың дана сөзі бар. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.

Мамырдың алғашқы күні - Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осыдан екі жыл бұрын көтерген болатын. «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақын­дасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді. Жұмыс істеу қажет. Егер барлық облыстарда тереңінен ой­ластырса, өте қызықты шаралар жүзеге асатын болады әрі мұның елге пайдасы да зор», ‑ деген еді Елбасы осыдан екі жыл бұрын.

Жалпы, 1 мамыр қандай мереке? Кешегі Кеңес Одағындағы шараны Тәуелсіз елде жаңаша жаңғыртудың мәнісі қайсы? Осы сауалға жауап бермес үшін әлемдік ахуалға тоқтаған орынды тәрізді. Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан да, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.

Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы - бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.

Шындығында, бұған дейінгі 1 Мамырдың мерекелену тарихына, оның мазмұны мен сипатына көз жүгіртсек, бұл күн тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Дегенмен, одан ілгерідегі кезеңде Кеңес Одағындағы еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1 Мамыр тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгенде мүлдем жаңа­ша мән-маңызға ие болғаны анық. Айтулы күн ұлыстар мен ұлттардың бірлігіне ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерін де жұмылған жұды­рықтай тұтастыруға үндеп келеді. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын та­уып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.

Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі. Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты. Тәуелсіздік тұсында да қырықжамаудай болған ұлттық құрамдағы осы ерекшелікті негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ықтимал үлкен қақтығыстар алаңы» ретінде қазақ даласын меңзеген еді. Алайда, қазақ халқының даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этностық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай, жаңа мемлекет­тің барша азаматының ұйысуына ұйытқы болды. Тәуелсіздіктің орнығуының ең қиын жыл­да­рын­да Тұңғыш Президент Н. Назарбаев­тың қайраткерлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық сыйластық пен қоғамдық ке­лі­сім тұрақты түрде сақталды.

Мінеки, осындай ұлттың дархандық мінезі, тұлғаның салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкіл­де­рі құлақ асатын беделді елге айналды. Қазақстан этносаралық және конфессия­аралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық және мәде­ниет­аралық диалог мәселелеріне мән беретін бастаманы халықаралық деңгейге шығара білетін мемлекет бола алды. Сондықтан да, саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносара­лық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тара­пынан оң бағаға ие болған Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы тұрақтылыққа негізделген қағидаттың ықпалы зор болды. Қазақстанның жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепіліне һәм негізіне де айналып отыр. Бір сөзбен айтқанда, мем­ле­кеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілге­рі­леуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйыс­қан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету - демо­кра­тия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Сонымен қатар, ұлы далада орныққан ел бірлігін мерекеге ұластыру, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған достық пен келісімді паш ету халықтар арасындағы тұтастықты одан сайын нығыздай түседі.

Ақыр соңында еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігін жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясында Мемлекет басшысы тағы бір мәрте назар аударған еді. «Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек», - деген еді Н. Назарбаев. Осыны есте ұстаған абзалырақ. Түптеп келгенде, 1 Мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік!