1 мамыр, СЕЙСЕНБІ
Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1996 жылдан бастап атап өтіледі. 100-ден астам ұлт өкілдері тұратын Қазақстан үшін бұл мереке дәстүрлі мейрамдардың біріне айналды.
Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Әлемнің 66 мемлекетінде атап өтіледі. 1886 жылы американдық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, ереуіл ұйымдастырды. Аяғы полицейлермен қақтығысқа ұласып, үлкен қантөгіс болды. 1889 жылғы маусымда ІІ Интернационалдың Париж конгресі Чикагодағы жұмысшылар ереуілін мәңгі есте қалдыру мақсатында жыл сайын бірінші мамырда шеру өткізу туралы шешім қабылдады.
Маршалл Аралдары Республикасының Ұлттық мейрамы - Конституция күні (1979). Маршалл Аралдары Республикасы - Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Ол 2 топқа бөлінген 34 аралдан тұрады. Оңтүстік-шығысы - Ратак аралы, солтүстік-шығысы - Ралик аралы деп аталады. Әкімшілік жағынан 25 ауданға бөлінеді. Астанасы - Маджуро қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Елді президент басқарады. Жоғарғы атқарушы органы - Үкімет. Жоғарғы заң шығарушы органы екі палаталы парламент. Маршалл Аралдары Республикасы 1991 жылдан бастап БҰҰ-на мүше. Негізгі сауда серіктестері - АҚШ пен Жапония.
Микронезия Федеративтік Штаттарының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1979). Микронезия - Тынық мұхитының батыс бөлігінде, Каролин аралдарында орналасқан мемлекет. Әкімшілік жағынан Трук, Костраэ, Понапе, Иап штаттарына бөлінген. Астанасы - Паликир қаласы. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар жергілікті халықтардың тілдері де кеңінен тараған. Мемлекет және үкімет басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы бір палаталы парламент - Ұлттық конгресс.
Францияда інжугүл күні. Бұл күні барлық жерде інжугүл сатылады. Аталмыш гүл бақыт әкеледі деп сенетін француздықтар оны бір-біріне сыйлайды және сақтап қояды.
Францияда мамырдың бірінде өсімдіктер мен заттар магиялық қайырымдылық қасиетке ие болады деп сенеді.
Әр халықтың мамырдың алғашқы күнін атап өту дәстүрі бар. Мысалы: Италияда мамырдың бірінші күні Серенадалар мерекесі деп саналса, Канадада - Саршұнақ күн, Нидерландыда - Қызғалдақтар күні, Голландияда - Раушан мен лалагүл күні, ал Мексикада Еңбек күні деп аталып өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
199 жыл бұрын (1813) Омбы кадет корпусы құрылды. Онда танымал ғалымдар мен қоғам қайраткері білім алған. Олардың қатарында қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Шоқан Уәлиханов, сондай-ақ Сібір мен Орталық Азияның зерттеуші және саяхатшы Н.Потанин бар.
89 жыл бұрын (1923) Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы - мәдени-ағарту мекемесі құрылды. Мұражайдың алғашқы экспозициясы түрлі мекемелер сыйға тартқан жан-жануарлардың қаңқалары, қару-жарақ, сауыт-сайман, т.б. бұйымдардан құралды. 1927 жылы мұражай өзінің алғашқы экспедициясын ұйымдастырып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинады.
82 жыл бұрын (1930) Орта Азия мен Сібір аралығын жалғастырған Түркістан-Сібір теміржолының ашылу салтанаты өтті. Бұл теміржол Семей қаласынан Алматы арқылы Жамбыл облысының Луговой бекетіне дейінгі аралықты жалғады. Ұзындығы 1452 шақырым. Теміржол құрылысы 1927 жылы басталып, 1931 жылы толығымен аяқталған. Құрылыс инженері Мұхамеджан Тынышбаев болды. Ең бірінші болып Э-1441 паровозы құрылыс заттарымен жүріп өтті.
12 жыл бұрын (2000) Алматыда Қазақстан халықтары достығының I фестивалі өтті. 2004 жылғы қазанның біріндегі ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша: қазақтар - 57,7%, орыстар - 26,8%, украиндар - 3,1%, өзбектер - 2,8%, немістер - 1,5%, татарлар - 1,5%, ұйғырлар - 1,5%, корейлер - 0,7%, белорустар - 0,6%- ды құраған.
23 жыл бұрын (1989) Қазақ КСР Мәдениет министрлігі дирекциясының Орталық көрме залында «Перекресток» атты республикалық көрме өтті. Онда М.Сейітов Т.Солоненко, З.Шайгелдинова сынды қылқалам шеберлері өз туындыларын қойды.
128 жыл бұрын (1884) Чикагода алғашқы биік ғимараттардың бірі 10 этаждық үйдің құрылысы басталды.
98 жыл бұрын (1914) Кировград мыс қорыту комбинаты алғашқы өнімін шығарды.
68 жыл бұрын (1944) КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін» медальдарын бекіту туралы Жарлығы шықты.
33 жыл бұрын (1979) Гренландия өзін-өзі басқару құқына ие болды.
20 жыл бұрын (1992) Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Түркияның Премьер-Министрі Сүлеймен Демирель Бірлескен мазмұндамаға қол қойды. Ал, Үкiмет басшылары Өзара жәрдемдесу және инвестицияларды қорғау туралы келiсiмге қол қойды. Екі жақтағы министрліктер мен мекемелердің жетекшілері автомобиль көлiгi, авиация қатынасы, мәдениет, радио және теледидар, кадр даярлау, орташа және шағын кәсiпорындар, банктiк және несие салаларын дамыту туралы, Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнайды өңдеудегi түрiк фирмаларының жәрдемдесуi туралы, Ақтөбедегі газ электр станциялары ғимараттары туралы, Маңғыстаудағы мұнай өңдейтiн зауыттың құрылысы және қалпына келтiру жұмыстары туралы, Ақтау портын қалпына келтiру, Каспий теңізі арқылы Қара және Балтық теңіздеріне Қазақстанның жүктерін тасымалдау төңірегіндегі ынтымақтастық туралы келісімдерге және хаттамаларға қол қойылды.
121 жыл бұрын (1891) іргетасы 1869 жылы қаланған Ақтөбе елді-мекеніне қала мәртебесі берілді. Ақтөбе қаласы еліміздің батыс өңірінің ірі мәдени, білім және ғылым орталығы болып саналады. Қалада 11 жоғары, 16 арнаулы оқу орны бар. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясы, Жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесі және басқалары тек қана Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де кеңінен танымал оқу орындары. Сонымен қатар қалада қазақ және орыс труппасы өнер көрсететін драма театры, қуыршақ театры, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы мұражай жұмыс істейді.
91 жыл бұрын (1921) М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасының түзетіліп, өңделіп, шын мәніндегі драматургия талабына жауап берер көркемдікке жеткен екінші нұсқасы Абайдың шәкірттері мен ізбасарлары ұйымдастырған «Ес-Аймақ» труппасының (қазіргі Абай атындағы музыкалық-драмалық театр. Театр өзінің 70 жылдығын 2004 жылғы қазан айында атап өтті) сахнасында Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлік етуімен қойылды. Онда Еңлік рөлін Фарида Кәрімова, Кебекті Ахмет Әуезов, Абыз бен Кеңгірбай рөлін Төрекеш Оспанов ойнады. Осы қойылымнан кейін пьеса Орынборда жеке кітап болып шығып, Қазақстанның көптеген қалаларындағы труппалар мен көркемөнер үйірмелерінің репертуарынан тұрақты орын алды.
91 жыл бұрын (1921) РКФСР Халық комиссарлары кеңесінің кооперативтік ұйымдар арқылы айырбас жасауына мүмкіндік беретін «Айырбас туралы» декреті жарық көрді. Губернияларда нанға айырбас жасау үшін мата, галантерея және бакалея тауарлары, ыдыс-аяқ, керамика қорлары құрылып, жеке саудаға рұқсат берілді. Қалаларда жекеменшік ет, өндіріс тауарлары дүңгіршектері, асханалар, моншалар ашылды. Жәрмеңке саудасы қайта жанданды.
86 жыл бұрын (1926) республиканың Халық комиссарлары кеңесінің «Қазақ КСР-індегі бірыңғай еңбек мектептері жарғысы» қабылданып, онда қазақ қыздары мен шығыс ұлттары қыздарының білім алуына ерекше көңіл бөлінді. Қыздар үшін арнайы мектептер Алматы, Шымкент, Түркістан, Орда қалаларында ашылды.
ЕСІМДЕР
84 жыл бұрын (1928) кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері МӘМБЕЕВ Сабыр Әбдірәсілұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Репин атындағы Санкт-Петербор кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. 1956-1962, 1968-1982 жылдары және 1998 жылы Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болған. Мәмбеев өзінің шығармаларында ауыл өмірін, оның сұлу табиғатын өзгеше қырынан бейнелейді. Ол әр жылдары «Сұхбат», «Қара кимоно», «М.О.Әуезов», «Тауда» (Мәскеудегі Шығыс халықтары мұражайы), «Киіз үйде» (Мәскеу, Третьяков галереясы), «Қоныс аудару», «Менің қаламда», «Терезе алдындағы қыз», «Көктем», «Жастар», т.б. суреттер, пейзаждар мен портреттер жазған. Оның шығармалары, негізінен, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайда сақтаулы. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
84 жыл бұрын (1928-1993) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ХАМРАЕВ Халил дүниеге келді.
Алматы облысының Панфилов ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1964-1967 жылдары республикалық «Коммунизм туғи» газетінде жұмыс істеген. Оның алғашқы шығармалары ұйғыр тіліндегі Синьцзян газеттері мен журналдарында басылған. Ақынның «Жүрек сыры», «Іле жағалауындағы жыр», «Оңтайлы Садыр», «Ізгілік», «Дала жұлдыздары», «Ерлік», «Дала қырандары», «Отан жайлы жырлаймын» атты жыр жинақтары жарық көрген. Жекелеген шығармалары қазақ және орыс тілдеріне аударылған.
74 жыл бұрын (1938) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АСЫЛБЕК Әбдірахман дүниеге келді.
Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастаған. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің тілшісі, Республикалық Қазақ радиосының қызметкері болған. Сондай-ақ «Жазушы», «Жалын» баспаларында, Қазақстан Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, Республикалық «Әділет», «Мәдениет», «Заң» газеттерінде істеген. Қазір «Көзқарас» және «Заңғар» журналдарында жауапты қызметкер болып істейді. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта 24 жыр кітабын шығарған. Лирика, ән мәтіндері және сатира жанрларымен де айналысып келеді. Оның өлеңдерінің біразына әндер шығарылған.
69 жыл бұрын (1943) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты ҚАЛИҰЛЫ Сұлтан дүниеге келді.
Жамбыл облысының Жамбыл аудынында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облысының Шу ауданындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. 1967-1973 жылдары - Қазақ радиосы музыка, балалар редакциясының редакторы, аға редакторы. 1973-1991 жылдары - «Балдырған» журналының жауапты хатшысы. 1991 жылдан бері «Ұлан» газетінің бас редакторы қызметін атқарады. Негізінен балалар поэзиясы, сатира жанрында еңбек етеді. Ақынның «Сыныққа сылтау», «Дүрбі», «Теміртесер», «Бақыт деген не?», «Мен мектепке барамын», «Қандай болып өсемін», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Жекелеген өлеңдері орыс, украин, өзбек, грузин, түркімен, қарақалпақ, әзірбайжан тілдеріне аударылып, «Сәлем саған, мектебім» атты кітабы 1983 жылы Фрунзе қаласындағы «Мектеп» баспасынан қырғыз тілінде жарық көрген. Оның аударуында қазақ тілінде С.Маршактың «Ақымақ тышқан туралы ертегі», С.Михалковтың «Степа ағай», Р.Ғамзатовтың «Менің атам» атты поэмалары, Р.Киплингтің бірнеше ертегісі «Пілдің баласы» деген атпен, Бақытжан Момышұлының «Мен әлі сәбимін» повестері мен әңгімелері, «Жанымның жарық жұлдызы» романы жеке кітап болып шыққан.
Бірнеше медальмен марапатталған.
69 жыл бұрын (1943) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының, Жоғары мектеп ғылым академиясының, Ұлттық инженерлік академияның академигі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Ақтау қаласының құрметті азаматы БОЖАНОВ Есберген Тоқшылықұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1966-1976 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының аспиранты, аға инженері, аға ғылыми қызметкері. 1976-1990 жылдары - Ақтау қаласындағы Қазақ политехникалық институтының аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, жалпы техника факультеті деканының орынбасары, деканы. 1990-1993 жылдары - Қазақ политехникалық институты Маңғыстау филиалының директоры. 1993-1996 жылдары - Ақтау политехникалық институтының ректоры. 1996-2004 жылдары - Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінің ректоры. 2001 жылдан Қазақ бас сәулет құрылыс институты Үздіксіз білім беру институтының директоры болған.
69 жыл бұрын (1943) «Қазақстанды темекі түтінінен азат ету» ұлттық коалициясының бас директоры, Алматы медицина колледжінің директоры, медицина ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты ІЗМҰХАМБЕТОВ Талапқали Әбішұлы дүниеге келді.
Ресейдің Астрахан облысында туған. Астрахан медицина институтын, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын аудандық аурухананың хирургі болып бастап, Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі қызметтерін атқарған. Алматы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болған. 1987-1990 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1990-1992 жылдары - Қазақ КСР Министрлер кеңесі Іс басқармасының сектор меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің комитет төрағасының орынбасары. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппараты денсаулық сақтау және әйелдер ісі жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Іс басқармасының бөлім меңгерушісінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 1995 жылдан бастап істейді.
49 жыл бұрын (1963) ақын, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының С.Сәдуақасов атындағы сыйлығының, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты, Абайдың 150 жылдығына, Ж.Жабаевтың 150 жылдығына, Қ.Аманжоловтың 90 жылдығына, Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына, Түркістанның 1500 жылдығына орай өткізілген жыр мүшәйраларының жүлдегері ЖАҚЫП Бауыржан дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Қазақ телеарнасы Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясынан бастаған. «Жалын» баспасында редактор қызметін атқарған. 1986-2001 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, доценті, шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі болған. 2001 жылдан бастап аталмыш білім ордасының журналистика факультетінің деканы болды. Қазір "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС бас директоры. Ақынның өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1980 жылдан бері жиі жарияланып келеді. «Аудитория», «Қарлығаш», «Бір кеменің үстінде», «Парус времени», «Баспалдақтар», «Аралым - арым, Балқашым - бағым», «Абыралы асулары» атты туындылары ұжымдық жыр жинақтарға енгізілген. «Көзімнің нұры», «Ақ лақ», «Айдындағы аспан», «Қолтаңба» атты жыр кітаптары жарық көрген. «Мұхтар Әуезов - публицист», «Ұлы суреткер ұлағаты» ғылыми монографиялары да жарық көрген.
34 жыл бұрын (1978) ақын, «Поэзия көктемі» жыр мүшәйрасының, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері ҚАМШЫГЕР Саят дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 2000-2004 жылдары Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған. 2005 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сын жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған. 1999 жылы «Білім» баспасынан шыққан «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты студент ақындардың жыр жинағына өлеңдері енгізілген. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Сары гүл» атты тұңғыш кітабы «Жазушы» баспасынан жарық көрген.
103 жыл бұрын (1909-1992) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Медицина ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері ҚАРАҚҰЛОВ Ишанбай Қарақұлұлы дүниеге келді.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. Алматы медицина институтын (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1937-1939 жылдары - Қазақстан Денсаулық сақтау халық комиссары. 1946-1947 жылдары Алматы медицина институты эпидемиология кафедрасының меңгерушісі. 1948-1950 жылдары - Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1950-1954 жылдары Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған.
Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері адамға жұғатын ауруларды зерттеуге және Қазақстанның денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға арналған. Ол малдан жұғатын аса қауіпті ауруларға эпидемиологиялық тұрғыдан жіктеу жасап, олардың жұғу жолдарын анықтады, оларға қарсы қолданылатын кешенді шаралардың біртұтас жүйесін ұсынды. Cарыптан сақтану мақсатында адам терісіне алдын ала вакцина егу әдісін тапты. Оның ұсынған бұл әдісі қазіргі кезде шет мемлекеттерде де қолданылады.
И.Қарақұлов тәлім-тәрбиелік мәні бар 200-ден астам кітап жазды.
«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.
73 жыл бұрын (1939-1984) жазушы ҚАЗИЕВ Қарауылбек дүниеге келді.
Жамбыл облысының Шу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облыстық радиосынан бастап, кейін өмірінің соңына дейін Шымкент облыстық радио және теледидар хабарларын тарату жөніндегі комитеттің бас редакторы болған.
Қаламгердің алғашқы әңгімелер жинағы «Ақ бантик» деген атпен 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. 1974 жылы жазушының «Иманжапырақ» повесі жабық бәйгеде бірінші жүлдеге ие болған. Бірқатар әңгіме мен повесі орыс тіліне аударылып, жеке кітап болып шыққан.
Шымкент қаласындағы орта мектепке Қ.Қазиевтің есімі берілген.
68 жыл бұрын (1944) әнші, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Қобыз сары» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ЖҮНІСБЕКОВ Мұратбек дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Республикалық эстрада-цирк студиясын бітірген. Алматы облыстық филармониясында істеген. М.Жүнісбеков қол өнері шебері ретінде де танымал. 1986-1987 жылдары Республикалық қолөнер көрмесі мен Ялтада өткен көрмеде жүлдегер атанып, Ашхабадта өткен қолөнер шеберлерінің бүкілодақтық көрмесінің лауреаты атағын жеңіп алған. 1989 жылы өнер сапарымен Парижде өткен көрме-концертке, музыка аспаптары көрмесіне қатысқан. Оның жекеменшік музыка аспаптары мұражайы бар.
63 жыл бұрын (1949) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театрының режиссері, «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ХАДЖИЕВ Жанат Әубәкірұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. Мәскеу қаласындағы М.Щепкин атындағы театр училищесінің Қазақ студиясын, Алматы театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітірген. 1972 жылдан бұрынғы Торғай музыкалық драма театры труппасында актер болып, Арыстан (М.Әуезов «Айман-Шолпан»), Сәнжан (Ә.Тарази «Күлмейтін комедия»), Дәруіш (М.Кәрім «Ай тұтылған түн»), Ілияс (Ш.Айтматов «Арманым, Әселім»), тағы басқа рөлдерде ойнаған. 1980-1991 жылдары Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Торғай музыкалық драма театрының бас режиссері міндетін атқарушы, Жезқазған музыкалық драма театрының режиссері қызметтерін атқарған. М.Әуезовтың «Қараш-Қарашын», Ә.Таразидің «Қыз махаббатын», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұлын», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібегі» мен «Қозы Көрпеш- Баян сұлуын», М.Кәрімнің «Тастама отты, Прометейін» театр сахналарына шығарған. 2002 жылдан Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясында ұстаздық етеді.
63 жыл бұрын (1949) балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, С.Ерубаев атындағы сыйлықтың иегері ӘДІЛ Балтабай дүниеге келді.
Қарақалпақстанда туған. 1973 жылы Хожелі педагогикалық училищесін бітіріп, ұзақ жылдар бойы мұғалім болып қызмет жасаған. Қазақ мемлекеттік университетін сырттай оқып бітірген. 1993 жылы ата жұры Қазақстанға қоныс аударған. Содан бері республикалық «Ұлан» газетінде қызмет атқарады.
Қаламгердің балаларға арналған «Атамның жұлдызы», «Алданыш», «Інімнің өкпесі», «Тырналар келе жатыр» атты кітаптары жарық көрген.
43 жыл бұрын (1969) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Үш мәрте Президент сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты ЫБЫРАЕВ Маралтай Райымбекұлы дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Жамбыл педагогикалық институтының көркем-сурет, графика факультетін бітірген.
Ақынның өлеңдері 1990 жылдан бастап республикалық басылымдарда жарияланған. 1996 жылы «Жазушы» баспасынан «Ай-Нұр» атты тұңғыш кітабы және 1999 жылы «Сын» баспасынан «Ай» деген өлеңдер жинағы жарық көрген. Ол «Жас Қазақ», «Астана дауысы», «Қазақ әдебиеті», «Алтын Орда», «Заң» газеттерінде жауапты қызметтер атқарып, Қазақстан Жазушылар одағында Әдебиетшілер үйінің директоры, «Кентавр» газетінің бас редакторы болған. 2008 жылдан бастап Қазақ радиосы «Руханият» бас редакциясының редактор-жүргізушісі қызметін атқарады.
137 жыл бұрын (1875-1960) астроном, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі ТИХОВ Гавриил Андрианович дүниеге келді.
Беларустың Минск облысында туған. Мәскеу университетін бітірген.
Пулково обсерваториясында, Қазақ КСР Ғылым академиясының Астроботаника секторының басшысы қызметін атқарған.
Зерттеу жұмыстары негізінен астрономия мен спектрофотометрияға арналған. Оның Марс беті мен Жердегі өсімдіктердің спектрометриялық қасиеттерін қатар зерттеуі нәтижесінде астроботаниканың негізі салынды. Ең бірінші болып Сатурн, Уран және Нептун планеталарына колориметриялық сандық зерттеулер жүргізген. Бірнеше рет күн тұтылуын бақылау экспедицияларына қатысып, күн тұтылғанда айналасынан көрінетін сәуле жиектерінің бояу қызуын бағалаған. Бірқатар еңбектері атмосфералық оптика мен аэрофототүсіруге арналған.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
97 жыл бұрын (1915-1975) профпатолог-гематолог, медицина ғылымының докторы, профессор АЛДАНАЗАРОВ Әмір Тұрлыбайұлы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Ташкент медициналық институтын бітірген.
Қазақстан Ғылым Академиясы Өлкелік патология институтының (қазіргі Х.Жұматов атындағы Қазақ тазалық және эпидемиология ғылыми орталығы) кіші, аға ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Алданазаровтың негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда қорғасыннан уланудан болатын қан жүйесіндегі өзгерістердің белгілері мен дамуын, сақтандыру шараларын және емдеу әдістерін зерттеуге арналған.
2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.
71 жыл бұрын (1941) ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі ХАЛМУРАДОВ Розақұл Сатыбалдыұлы дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылында туған.
Орта мектепті 1958 жылы бітіргеннен кейін Манкент ауылында колхозшы болып істеді.
1959 жылы В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 1968 жылы «география» мамандығы бойынша бітірді. 1978 - 1982 жылдары Ташкент ауыл шарушылығы институтында «агрономия» мамандығы бойынша сырттай білім алды. 1983 - 1986 жылдары Алматының жоғары партия мектебінде сырттай оқыды.
1959 -1963 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді.
1964-1965 жылдары - орта мектеп мұғалімі.
1965-1977 жылдары - Сайрам аудандық комсомол комитетінде, аудандық партия комитетінде жұмыс істеді, осы ауданның «Победа» ұжымшарының партком хатшысы болды.
1977 - 1989 жылдары Шымкент облыстық партия комитетінің Ұйымдастыру және партия жұмысы бөлімінің нұсқаушысы, облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, облыстық партия комитетінің Ұйымдастыру және партия жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Түркістан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.
1989 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы.
1991 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары - облыстық коммуналдық меншік басқармасының бастығы.
1992-1993 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының әкімі.
1993 - 2002 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және әкімнің кеңесшісі.
2002-2007 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы тәртіптік кеңесінің төрағасы - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аумақтық басқармасының бастығы.
2007-2011 жылдары - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
2012 жылдың қаңтарынан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған.
I дәрежелі «Достық», II дәрежелі «Достық», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақстан КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен және 6 медальмен марапатталған.
186 жыл бұрын (1826-1906) айтыс ақыны ҚҰЛМАМБЕТ, Құланаян Құлмамбет дүниеге келген.
Алматы облысының Райымбек ауданында туған. Жетісуда Сүйінбай бастаған айтыс мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Жас кезінен өлең-жырға құмар болып өскен. Түбек, Жанақ, Тезек, Майкөт, Жамбыл тәрізді айтыс майталмандарымен айтысқан. Ол «Мың бір түн», «Қыз Жібек», «Рақымжанның зары», «Мұңлық-Зарлық», «Туғанбай мен Қоңырбай» сияқты дастандарды жырлаған. Құлмамбеттің айтыстары Жамбылдың жинақтарында, Сәкен Сейфуллиннің алғы сөзімен «Жаңа мектеп» журналында, «Айтыс» жинақтарында жарияланған. Шығармалары «Сөзімнің қыл сыймайды арасына» деген атпен 1998 жылы жарық көрді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, т.б. ғалымдар зерттеулер жазды. Ақынның туындылары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында, Әдебиет және өнер институтының Қолжазба орталығында сақтаулы.
171 жыл бұрын (1841-1918) ақын ТОҚСАНБАЙҰЛЫ Қожабай дүниеге келген.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Ауыл молдасынан сауат ашқан. Баршылық пен жоқшылық, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктер Қожабай жырларының өзекті тақырыбына айналды. Ол «Бай болмақ, кедей болмақ - бір Алладан» деген қалыптасқан қағидаға адал еңбек пен қажымас талапты қосады. «Кел, Қожабай, сөз сөйле, заманыңның зарынан» деген толғауында қоғамдағы кереғар құбылыстарға көзқарасын айқын танытса, «Қазақ баласына» атты жырында Сыр бойын жайлаған елдің кәсіп-тіршілігін салыстыра отырып ой түйеді, ел бастаған жақсылардың игі істеріне ризашылығын білдіріп, кейінгілерге үлгі етіп ұсынады. Қожабайдың Амангелді Имановқа хат ретінде жазған жыры болашаққа деген үміт пен жақсы тілекке толы. Ақынның «Ортадан асып барады менің жасым» деген ұзақ толғауы өмір мен өлім, баршылық пен жоқшылық, әділдік пен зұлымдық туралы философиялық ой түйетін күрделі туынды. Шығармадан ақынның шығыстың классикалық әдебиетімен жақсы таныс болғаны аңғарылады. Ақын шығармалары хақында ғалым М.Жармұхамедов жүйелі зерттеулер жүргізген.
151 жыл бұрын (1861-1904) ақын, Абай Құнанбайұлының үлкен ұлы ҚҰНАНБАЕВ Ақылбай Абайұлы дүниеге келген.
Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған, ауыл молдасынан білім алған. Сазгерлі талантымен де халыққа танылған. Орыс, Еуропа әдебиетімен өз бетінше оқып танысқан. Әкесі Абайдың кеңесі бойынша 3 поэма жазған. «Зұлыс» поэмасының оқиғасы ағылшын жазушысы Г.Хаггарттың «Сүлеймен патшаның кеніші» атты әйгілі романынан алынған. Бұл поэма толық сақталмаған. «Жаррах» поэмасы мүлде жоғалып кеткен. Толық сақталған «Дағыстан» поэмасына Дағыстан елінде, Кавказда болған оқиға өзек етіп алынғанымен, қазақ өмірі үшін зор мәні бар әлеуметтік мәселелер көтерілген. Ақынның бірнеше лирикалық өлеңі сақталған.
121 жыл бұрын (1891-1956) әнші, халық композиторы БАБАҚОВ Қосымжан дүниеге келген.
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында туған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1937-1943 жылдары Қазақ филармониясының әншісі болған. Әнші Біржан, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, т.б. халық композиторлары әндерін ерекше нақышпен шырқаған. Өзі де 20-ға жуық ән шығарды. Қосымжан Бабақов әндерін кезінде Р.Есімжанова, М.Көшкімбаев, Ж.Қартабаева, т.б. орындады.
121 жыл бұрын (1891-1945) халық ақыны БАЙБОЛОВ Қазанғап дүниеге келген.
Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында туған. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш съезіне халық ақыны ретінде қатысып, осы жылдан бастап баспасөзде өлеңдері жиі жарияланады.
«Толғау өлеңдер», «Халық қаһары», «Халық ақындары», «Пернедегі термелер» деген атпен шыққан шығармалары арқылы халық арасына танымал болды. «Төле бидің тарихы», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Өкірік Найман туралы» тарихи қисса-дастандары 17-18 ғасырларда қазақ елінде болып өткен тарихи оқиғалар желісін терең де көркем суреттейді.
«Сайыпжамал сұлу», «Шеризат-Күлшат» атты лирикалық шығармалардың авторы болып табылады. 1943 жылы Алматыда өткен ақындар айтысында саңлақ ақын Нартаймен сайысқа түсті. Осы айтысы 1966 жылы басылым көрген «Айтыс» кітабының үшінші томында басылды.