1 мамыр күні басты мерекелік шаралар LED-мониторлар арқылы көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өту мақсатында 2015 жылдың 1 мамырында сағат 10:00-15:00 аралығында «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда мерекелік концерт пен халықтық серуен өтеді, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

Сағат 10:00-23:00 аралығында «Бәйтерек» монументінің алдында, Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда, «Студенттік» саябақта, сонымен қатар сағат 10:00-19:00 аралығында «Жастар» театрының аумағында (бұрынғы К. Байсейітова атындағы опера және балет театры), «Жастар саябағында» және М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының жанында Есіл өзенінің жағалауында мерекелік шаралар өтеді.

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған басты мерекелік шаралар үш бірдей алаңда (қалалық әкімдіктің алдындағы алаңда, ғашықтар саябағында және «Бәйтерек» монументінің жанында) LED-мониторлар арқылы көрсетіледі.

Сонымен қатар, 1 мамыр күні қала тұрғындары үшін Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында сағат 18:30 және М. Горький атындағы орыс драма театрында сағат 18:00 «Жұбайлар жұмбағы» мен «Ханума» атты сахналық қойылымдар өтеді.

Сәуірдің 30-нан бастап мамырдың 4-не дейін сағат 10:00-18:00 аралығында С. Сейфуллин атындағы мұражайда «Береке басы - достық» атты көрме мен 2015 жылдың 15 мамырында Конгресс-холлда Астана қаласы әкімдігінің филармониясы сағат 19:00 «Шалқыма» би ансамблінің «Достық поэзиясы» атты концертін ұйымдастырады.