1 мамыр күні елордалықтар үшін сауда ойын-сауық орталықтарында жеңілдіктер жасалмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 мамырда - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарында және супермаркеттерде мерекелік жеңілдіктер жасалады деп күтілуде. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайтында.

Атап айтқанда, «Азия Парк», «Керуен», «Сарыарқа», «Хан шатыр» және «Мега Астана» сауда ойын-сауық орталықтарында жеңілдіктер жасалып, акциялар өтеді, радио арқылы күні бойы келушілерге құттықтау сөздер айтылады. Сондай-ақ «Сарыарқа» сауда ойын-сауық орталығында «Қазақстан тұлғалары» атты фотокөрме ұйымдастырылады. Ал «Метро кеш энд Кери» және «Тұлпар» сауда орталықтарында барлық келушілерді мерекелік киім киген қыздар қарсы алса, «Анвар» СО сатып алушыларын төмендетілген бағаларымен және түрлі тағамдардан дәм тату мүмкіндгімен қуантпақ. «Рахмет» СО қайырымдылық көрме өтеді, ал «Апрель», «Green» сауда желісінде және «Green Mart» гипермаркеті ЖШС промо-акциялар мен мерекелік жеңілдіктерден басқа, купондар мен дисконт карталар таратылады. Бұл шарадан «Евразия», «Әлем» сауда орталықтары мен Орталық базар да тыс қалмайды. «Эталон», «Қамқор Астана», «Көктал», «Спутник» супермаркетінде де радио арқылы құттықтаулар айтылады, промо-акциялар өткізіліп, мерекелік жеңілдіктер жасалады. Ал «Астықжан» сауда орталығы» ЖШС мерекелік көңіл-күйді бір айға созбақ ниетте. Мұнда мамыр айының соңына дейін әр зейнеткерге барлық тауарларға 5% көлемінде жеңілдіктер жасалады және әр сенбісінде «Тиімді сенбі» акциясы өтеді.