1 мамырда астаналықтар үшін бұқаралық серуендер ұйымдастырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Мәдениет басқармасының хабарлауынша, 1 мамырда қалада түрлі деңгейдегі 200 астам шара, соның ішінде 35 ірі мәдени шара өтпек, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қазақстан халқының бірлігі күні аясында елордада «Бәйтерек» монументі, «Студенттік», «Ғашықтар» саябақтарында, қалалық әкімдік алдындағы алаңда, Есіл өзенінің жағалауында және «Жастар» сарайының алдында халықтық серуендер ұйымдастырылады. Аймақтық этномәдени бірлестіктер де өздерінің шығармашылық өнерлерін ортаға салады.

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған басты мерекелік шаралар қатарынан үш алаңда (қалалық әкімдіктің алдындағы алаңда, Ғашықтар саябағында және «Бәйтерек» монументінің жанында) LED-мониторлар арқылы көрсетіледі.

Сонымен қатар, 1 мамыр күні қала тұрғындары үшін Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында сағат 18:30 және М. Горький атындағы орыс драма театрында сағат 18:00 «Жұбайлар жұмбағы» мен «Ханума» атты сахналық қойылымдар көрсетіледі.

Сәуірдің 30-нан бастап мамырдың 4-не дейін сағат 10:00-18:00 аралығында С. Сейфуллин атындағы мұражайда «Береке басы - достық» атты көрме мен 2015 жылдың 15 мамырында Конгресс-холлда Астана қаласы әкімдігінің филармониясы сағат 19:00 «Шалқыма» би ансамблінің «Достық поэзиясы» атты концертін ұйымдастырады.

1 мамыр күні концерттік бағдарлама сағат 11:00-23:00 аралығында өтеді.