1 мамырдан бастап телефон байланысы қызметтерінің бағасы көтеріледі - «Қазақтелеком» АҚ

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Биылғы 1 мамырдан бастап әмбебеп қызметке жаңа тарифтер енгізіледі. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне тарифтерді қайта баланстау жоспарын және телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің тарифтерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгінің Байланыс және ақпараттандыру комитетінің 2012 жылғы 12 сәуірдегі № 2 бұйрығын (бұдан әрі - Бұйрық) орындау үшін 2012 жылғы 1 мамырдан бастап телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне жаңа тарифтер енгізіледі. Бұйрық телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне тарифтерді қайта баланстаудың кезекті кезеңін өткізу аясында шығарылды.

Бұйрыққа сәйкес 2012 жылғы 1 мамырдан бастап жергілікті телефон байланыс қызметтері төлемін уақытпен есептеу жүйесіне көшірілген/көшірілмеген негізгі бір телефон аппараты үшін ай сайынғы абоненттік төлем көтеріледі: қалалық және ауылдық жерлерде тұратын абоненттер үшін 20%-ға.

Айталық, жергілікті телефон байланыстары қызметтері төлемін уақытпен есептеу жүйесіне көшірілмеген негізгі телефон үшін ай сайынғы абоненттік төлем қалада - 624,00 теңгеден (ҚҚС-сыз) 748,80 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін, ауылда - 414,30 теңгеден (ҚҚС-сыз) 497,16 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) жоғарылайтын болады. Қалада жергілікті телефон байланыстары  қызметтері төлемін уақытпен есептеу жүйесіне көшірілген негізгі телефон үшін ай сайынғы абоненттік төлем 309,40 теңгеден (ҚҚС-сыз) 371,28 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін көтеріледі;  жекеменшік тәжірибемен  айналысатын нотариустар, адвокаттар және жеке кәсіпкерлер - абоненттері үшін де 20%-ға өседі.

Мәселен, жергілікті телефон байланысы  қызметтері төлемін уақытпен есептеу жүйесіне көшірілмеген негізгі телефон үшін ай сайынғы абоненттік төлем 746,61 теңгеден (ҚҚС-сыз) 895,93 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін, жергілікті телефон байланысы қызметтері төлемін уақытпен есептеу жүйесіне көшірілген негізгі телефон үшін 597,29 теңгеден (ҚҚС-сыз) 716,75 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін жоғарылайды.

 Сонымен қатар телекоммуникацияның кейбір әмбебап қызметтеріне тарифтер қолданыстағы деңгейде сақталатын болады.