​1 маусымнан бастап ​Астана әуежайы қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астана халықаралық әуежайы ұшу-қону жолағында жүргізілген жоспарлы жөндеу жұмыстарын аяқтап, 1 маусымнан бастап қалыпты жұмыс режиміне қайта оралды.

Фото: Мақсат Шағырбаев\Kazinform

Әуежайдың баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта рейстер әуе компанияларының кестесіне сәйкес орындалып жатыр, ал әуе кемелеріне қызмет көрсету тәулік бойы толық көлемде жүзеге асырылады.

Еске сала кетейік, ауқымды жөндеу жұмыстары 2026 жылғы 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында жүргізілді. Осы кезеңде қажетті жұмыстарды орындау мақсатында ұшу-қону жолағы күн сайын сағат 10:00–ден 18:00–ге дейін уақытша жабылып, бірқатар рейс таңғы және кешкі уақыттарға ауыстырылды.

— Жөндеу барысында аэродром қызметінің мамандары ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аэродром инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар атқарды. Іске асырылған шаралар аэродромның пайдалану тиімділігін күшейтіп, ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.

Осыған дейін Астана әуежайы аутизм спектріндегі балаларға бейімделген қызмет енгізгенін жаздық.