Биыл балаларды сауықтыру ұйымдарын (лагерь) маусымға уақтылы дайындау мақсатында комитеттің аумақтық бөлімшелері әкімдікпен бірлесіп балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша Жол карталарын әзірлеп бекітті.
Жол карталарын іске асыру шеңберінде:
— балалар демалысы объектілерінің санитариялық-техникалық жай-күйін бағалау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру;
— лагерь қызметкерлерімен оқыту және түсіндіру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ дайындықтан бастап ауысым аяқталғанға дейінгі барлық кезеңде санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылау;
— балалардың тамақтану, сумен жабдықтау, медициналық қызмет көрсету және тұру жағдайларының сапасын бақылау көзделіп отыр.
Бүгінгі таңда консультациялық көмек көрсету үшін әр лагерьге санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бекітілді, олар 191 лагерь өкіліне кеңес берді. Жол карталарын іске асыру бойынша мониторинг комитеттің бақылауында.
— Қазіргі уақытта комитеттің аумақтық бөлімшелерінің атына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды (СЭҚ) алуға 29 өтініш келіп түсті, оның 8-і СЭҚ алды, 17-сі қаралуда, 4-не — дәлелді бас тарту берілді. Дәлелді бас тартудың негізгі себебі — құжаттардың толық емес пакетін ұсыну, атап айтқанда жарықтандыру хаттамаларының, микроклиматтың, суды вирусологиялық зерттеудің және объектінің техникалық паспортының болмауы. Апта сайын жаңартылатын СЭҚ алған лагерьлер тізімімен комитеттің сайтында танысуға болады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, комитет жедел желі 8-27.74.7172-05 ұйымдастырды, онда лагерьлердің жұмысында қандай да бір бұзушылықтар анықталған кезде шағымдануға болады.
Осыған дейін елімізде 10 мыңнан астам лагерь мен 512 шатырлы кемпинг ашылатыны хабарланды.