1 мыңнан аса техника және 3 мың жұмысшы қар басқан елорданы тазартып жатыр

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада күндіз қар тазалау жұмысына 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Қазір коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Қала әкімдігінің ресми сайты таратқан ақпаратқа сәйкес қала көшелерін қардан тазалау жұмысы үздіксіз жүріп жатыр.

8 желтоқсан күні таңертеңнен бастап елорданың алты ауданында үш мыңға жуық жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника қар күреуге шықты.

Фото: Астана әкімдігі

— Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылады. Осыдан кейін қозғалыс қарқындылығы орташа учаскелерде — аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі, — делінген хабарламада.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райында алыс сапарларға шықпауға шақырады.

Бұдан бұрын синоптиктер алдағы күндері ауа райы күрт суытатынын айтқан еді.