1 мыңнан астам елорда тұрғынына құқықтық көмек көрсетілді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғындарының өтініштері мен шағымдарына шұғыл әрекетпен жауап беретін «WhatsApp» және «Telegram» желісінде 491 жұмыс чаты жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті «Байқоңыр» ауданы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Қайрат Төлепов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында учаскелік полиция инспекторлары ПИК (пәтер иелері кооперативі) өкілдерімен бірлесіп 491 тұрғын үйдің 50 мың 694 тұрғынын қамтыған «WhatsApp», «Telegram» желісінде жұмыс чаты ашылды. Ол жерде учаскелік полиция инспекторлары, ПИК өкілдері және тұрғындар бар. Ресми емес жұмыс чаты арқылы тұрғындар кез келген құқықбұзушылықтар туралы дереу хабарлап отырады. Бұл өз кезегінде қылмыстың алдын алу мен оны болған жайтқа жедел әрекет етуге септігін тигізуде», - деді Қайрат Төлепов баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, полиция қызметі бөлімінің басшысы тәртіп сақшылары әкімдік және ПИК өкілдерімен бірлесіп халыққа алдында есеп беріп тұратындықтарын айтты.

«Күн сайынғы мониторингтің нәтижесінде жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 1 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алды. Және 1050 адамға құқықтық көмек көрсетілді. Сол сияқты есірткімен айналысқандар ұсталып, заң аясында жауапқа тартылды. Учаскелік инспекторлар әр тоқсан сайын халықпен жүздесіп, есеп беру кездесулерін өткізеді. Мәселен, биыл аудандық әкімдік, полиция және ПИК өкілдерінің қатысуымен халық алдында 202 есеп беру кездесуі ұйымдастырылды», - дейді ол.

Бұған дейін Қайрат Төлепов елордада жұмысына бей-жай қараған 29 ПИК-ке (пәтер иелері кооперативі) айыппұл салынғанын мәлім етті.