1 сәуірде « Бекіре-2014» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Жайық-Каспий бассейнінің балық шаруашылығы су айдындарында бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашу маусымында кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіледі.

Бұл туралы ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталған шараны заңсыз балық аулауға, сатуға және оларды заңсыз тасымалдауға жол бермеу мақсатында құқық және табиғат қорғау органдары бірлесіп жыл сайын өткізеді.

Осыған орай таяуда қоршаған орта және су ресурстары, ішкі істер, көлік және коммуникация министрлерінің, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының «Бекіре -2014» балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрығы қабылданды.

Бұл құжат балық қорғау акциясын өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесуі жөніндегі Үйлестіру штабының құрамын, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітеді.

Үйлестіру штабын басқару ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің балық шаруашылығы комитетіне жүктеліп отыр.

Штабтың басты міндеті - балық қорғау шараларын ұйымдастыру мен олардың тиімділігін арттыру үшін аумақтық органдардың бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру, матералдық-техникалық құралдарды тарту және мәселелерді жедел түрде шешу.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы осы акцияны ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру жөніндегі жұмыс органы болып белгіленді.

«Бекіре» акциясының басты мақсаты - құнды балық түрлерінің уылдырық шашу орындарына өтуіне жағдай туғызу.

Жайық-Каспий инспекциясының құрамын күшейту мақсатында республиканың басқа бассейндік инспекцияларынан балық қорғау мемлекеттік инспекторлары тартылатын болады.

Сонымен қатар бұл шараға ішкі әскер және ішкі істер органдарының қызметкерлері жұмылдырылады.

Акция барысында браконьерлік фактілерінің болуы ықтимал жерлерде стационарлық, жылжымалы бекеттер және жедел рейдтік топтар құрылып, авиапатруль жұмысы ұйымдастырылады.

Осыған орай биылғы жылы негізгі назар Каспий теңізінің Атырау облысы аумағындағы жағалауы мен акваториясына, сондай-ақ Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістіктеріне аударылмақ.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын бақылау үшін де жылжымалы рейдтік топтар құрылатын болады.

Сонымен қатар, кедендік бақылау бекеттерінде, әуежайлар мен вокзалдарда балық өнімдерін Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығаруға жол бермеу мақсатындағы бақылау жұмыстары қарқындатылады.

Шара барысында Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларында тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, балық өнімдерін заңсыз сату орындары бойынша ақпарат жинақталмақ.

Рейдтік іс-шаралар аясында базарлар мен дүкендерде балық өнімдерінің сауда орындарына жеткізілу жолдары тексеріліп, олардың заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі.

Балықтардың уылдырық шашу орындарына жетуін қамтамасыз ету, сондай-ақ суды заңсыз құрылған аулар мен басқа құралдардан тазалау мақсатында, мемлекеттік инспекторлар күнделікті су айдындарын сүзу шараларын жүргізеді. Сонымен қатар су айдындарында жүзу құралдарының қозғалысын бақылау күшейтіледі.

Жоспарланған шараларды жүзеге асыру уылдырық шашу кезеңінің сәтті өтуін қамтамасыз етіп, бассейндегі балық ресурстарының өсіп-өнуіне септігін тигізеді.