1 сәуірде жеке зейнетақы қорларының активтерін БЖЗҚ-ға беру аяқталады - Қ.Келімбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде жеке зейнетақы қорларының активтері мен міндеттемелерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беру аяқталады. Бұл туралы «КТК» телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасында қонақта болған ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.

«Біз 1 сәуірде жеке зейнетақы қорларының активтері мен міндеттемелерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына беруді аяқтаймыз. Бұл да толықтай алғанда елдің қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай ықпал ететін ақша пулы болмақ», - деді ол.

Сонымен бірге Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, банк секторында проблемалы несиелер деңгейін төмендетуге бағытталған арнайы бағдарламаның әзірленетіндігін атап өтті.

«Біз банктермен бірлесіп, екі жылдың ішінде бұл көлемді 30-дан 10 пайызға дейін төмендетуге тиістіміз», - деді Қ.Келімбетов.